Қоғам

Қозыбаев университетінде «Жүректен жүрекке» атты конференция өтті

Іс-шара жартылай онлайн түрде өтті. Қонференцияға Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы және Беларусь Республикасының Брест қаласындағы консулы, Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Елдар Қонаев «ЗУМ» арқылы қатысты. Техника ғылымдарының докторы ең алдымен жерлестерін келе жатқан мерекемен құттықтады. Кейін шет мемлекетте жүрген түрлі этнос өкілдерінің еліміз туралы айтқандарымен бөлісті.

Елдар Қонаев, ҚР Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы және Беларусь Республикасының Брест қаласындағы консулы:

– Шет мемлекеттерде Қазақстанда тұрған көптеген азаматты көрдім. Олар кезінде біздің елге депортацияланған екен. Кейін елімізде өмір сүріп, білім алып, жұмыс істеп, біршама уақыт өткесін тарихи отандарына қайта оралған. Ол кісілердің балаларын да кездестіріп тұрамын. Барлығы қиын-қыстау кезде құшақ жая қарсы алған қазақ халқына сәлем жолдап, алғыстарын білдіреді. Бұл – ұлттар арасындағы достықтың белгісі.

«Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» демекші, ел тәуелсіздігінің баянды да мәңгі болуы тұрақтылықпен тікелей байланысты. Конференция барысында айтылған ойлардын барлығы осы мағынада болды. Жиында мамандар халықтың ынтымағын нығайту мен елді дамыту жөнінде де біраз әңгіме қозғады.

Ақмарал Ыбыраева, Қозыбаев университеті ректорының кеңесшісі:

– Бір-бірімізге құрмет көрсетудің арқасында болашақ Қазақстанды дамыта аламыз. Сол себепті, басты мақсатымыз – қоғамдағы ынтымақтастықты сақтау.

Айта кетейік, ертең елордада еліміздің бас партиясы – «NurOtan»-ның кезектен тыс съезі өтеді. Алқалы жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және «Жаңа Қазақстан» құрудың жолдары туралы айтады.

Бердимурат Баймухан