Бизнес және экономика

Кәсіпкердің мәселесі

Даудың басы – жер телімі. Қызметін 2018 жылы бастаған «Норд Жолдары» серіктестігі өз ісін табиғи қорықтың аумағында жүргізуде-мыс. Осындай шешім прокуратура және жер инспекциясы жүргізген тексеріс барысында шығарылыпты. Сондықтан, Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылының маңында орналасқан асфальт-бетон өндіретін компания қызметін тоқтатуы тиіс. Осы мәселемен бизнесмен өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініпті. Өйткені, бұл аумақта аталған зауыттан өзге де өндірістік және ауыл шаруашылық нысандар жетерлік. Жалпы қорық аумағы 240 мың гектар жерді құрайды. Оған 3 ауданның жері кіреді.

Олег Хрупин, «Норд Жолдары» ЖШС өкілі:

Бір қызығы, табиғатты қорғау прокурорлары бір ғана өндіріс ошағын тексеруді жөн көрген. Ал ол аумақта ондаған елді мекен мен түрлі нысандар орналасқан. Сонда олардың барлығы заңды бұзып тұр деген сөз ғой.

Айдос Кеңбейілов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Заңға сәйкес, табиғи қорықтарға жер берілмейді. Яғни, оларға бөлінген аумақ жер пайдаланушыларға тиесілі. Жер кодексінің 1-ші бабында елді мекендерге, ауыл шаруашылығына және ерекше қорғалуы тиіс табиғи аумақтарға тиесілі жерлер бар. Ал аталған құжаттың 2-ші бабында осылардың бір-біріне алмастырылуы, яғни бағытын өзгертуі үкіметтің не жергілікті атқарушы органның шешімімен ғана бекітілуі тиіс делінген. Сондықтан, бұл жерде ешбір қателік кеткен емес. Аталған кәсіпорын заңды бұзбаған және олардың қызметіне қатысты тұрғындардан да шағым түспеген.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары істің мән-жайын анықтау үшін бірқатар бейінді мекемелердің өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Айта кету қажет, қазір аталған мәселе сотта қаралып жатыр.