Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкер базынасын облыс әкіміне жеткізді

Оралбай Сәкенов облыс әкіміне осымен екінші мәрте жүгініп отыр. Диқан қазан айының соңында Құмар Ақсақаловпен алғаш рет қашықтықтан тілдескен еді. Әңгіме барысында азамат өткен көктемде өзіне тиесілі 700 га жерге дән сіңіремін дегенше, танаптың бұрынғы иелері тұқым сеуіп тастағанын айтты. Сол кезде аймақ басшысы жауапты органдарға проблеманы біржақты етуді тапсырды. Алайда, әлі күнге дейін әділдік орнамапты. Яғни, алқап толығымен аграрийдің атына өтпеген.

Оралбай Сәкенов, жеке кәсіпкер:

– Бұл мәселе қазіргі күнге дейін неге шешілмей келе жатқанын түсінбеймін. Ел президентіне, ІІМ, ҚР Бас прокуратурасына хат жазып, проблеманы шешуді сұрадым. Алайда, еш өзгеріс жоқ. Салдарынан егіс науқанына дайындықты әлі бастаған жоқпын. Кезінде техника алу үшін түрлі компаниялардан қомақты қарыз рәсімдедім. Берешекті өтеу қажет.

Ал атқамінерлер бұл мәселенің бақылауда екенін айтады. Облыстық прокуратураның басқарма басшысы Жасұлан Смағұлов заң бұзған жауапты тұлғаларға «Озбырлық» бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.

Қайрат Ермекбай, Қызылжар ауданының прокуроры:

Бүгінгі таңда бұл іске және жердің бұрынғы иесі «Бос и К» серіктестігінің басшысына қатысты тиісті материалдар жиналып жатыр. Осы айдың соңына дейін іс сотқа жіберіледі.

Мәселені көктемді дала жұмыстары басталғанша шешу қажет! Өңір басшысы облыстық полиция департаменті мен прокуратураға проблеманы біржақты етуді жүктеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Жерді ресімдеу кезінде қателіктер болып отыр. Дегенмен, алқапты заң бойынша сатып алған кәсіпкердің құқығы қорғалуы тиіс. Бұл іс тоқтап қалмасын. Біз жұмыс істеймін деп тұрған фермерлердің бетін қақпауымыз керек. Облыс үшін егіс науқаны – жауапты кезең.

Бір жылға жуық уақыт түрлі органдардың табалдырығын тоздырған азаматтың мәселесіне 4-ші наурызда нүкте қойылмақ. Бұл күні сот үкімі шығады.

Байболат Култанов