Білім

Білім мен ізгіліктің ордасына – 10 жыл

Оқушылар сарайында түрлі тақырыптағы көрмелер қанат жайған. Мұнда 13 ауданның педагогтары өздерінің білім беру әдістемесіне енгізген жобаларын таныстыруда. Мәселен, мына үстел үстіндегі жәдігерлер – өңірде мыңдаған жыл бұрын мекен еткен адамдардың пайдаланған заттары. Археологиялық дүниелерді мектеп оқушылары қазба жұмыстары кезінде тауыпты.

Руслан Қайыргелдинов – Кішкенекөл №2 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі, Уәлиханов ауданы:

– Әр жыл сайын оқушылар археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. Мұнда мамонт сүйегі және Ботай мәдениетіне жататын экспонаттар бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын аталған дүниелердің тариымен танысу үшін кітап беттерін парақтап, интернетке шолу жасайтын едік. Цифрлық технологиялардың тез дамуына байланысты бұл шаруаны қазір 4-5 секундта тындыруға болады. Ол үшін әр экспонаттың алдындағы QR кодты сканерлеу керек. Осылайша керек дүние смартфоныңыздың экранынан өз-ақ шыға келеді.

Көрмеде оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыратын бұдан да бөлек жұмыстар жетерлік. Олардың барлығы өздігінен ерекше. Айта кеткен жөн, жиынға еліміздің өзге облыстарынан тәжірибе алмасуға ұстаздар келген. Шара барысында оларға облыстық білім басқармасының аймақ көлемінде жүзеге асырып жатқан жобалары да таныстырылды.

Бақытжан Төлімбет – Білім беруді дамыту орталығының директоры, Түркістан облысы:

– Маған «Әр бала бір жұлдыз» атты жоба ұнады. Бұл – оқушылардың қабілетін ашуға бағытталған жоба. Осыны өз облысымызда жүзеге асырғымыз келеді.

Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсенбаев қатысты. Ол жергілікті педагогтардың білім беру деңгейіне оң бағасын берді. Айта кеткен жөн, соңғы жылдары халық арасында мектеп оқулықтарының сапасына қатысты көп сыни пікірлер тарап жүр. Бұл жөнінде ел президенті де өз ойын айтқан болатын. Ғани Бейсенбаев көпті толғандырған мәселені шешу жөнінде республика көлемінде қолға алынып жатқан бастамаларды айтты.

Ғани Бейсенбаев – Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Оқу сапасы оқу бағдарламаларына тікелей байланысты. Осыған орай Ұлттық білім академиясы министрліктің тапсырмасына сәйкес республикадағы білікті ұстаздардың басын біріктіре отырып жұмыс бастап кетті.

Ғани Бейсенбаевтің солтүстік өңірге келгендегі мақсаты да осы. Білікті ұстаздардың өтініші мен ұсыныстарын тыңдау. Осылайша алдағы уақытта мектеп оқушыларының білім беру бағдарламасы одан әрі жетілдіріледі. Айта кетейік, биыл облыстық «Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының» ашылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай елеулі еңбегімен көзге түскен бірқатар педагог Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті және облыстық білім басқармасының атынан марапатталды.

Бердимурат Баймухан