АӨК жаңалықтар

Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда

Тамара Тагирова іздегенін осы жәрмеңкеден тапты. Аяқтары жиі ісінетіндіктен кеңдеу әрі жайлы аяқ киімді табалдырық тоздырып көп қарастырғанға ұқсайды. Зейнеткер бүгін көктемде киетін етік сатып алды.

Тамара Тагирова, қала тұрғыны:

– Беларустық аяқ киімдердің сапасы өте жақсы. Бағалары да көңілге қонымды.
Бүгін өзіме көктемде киетін етік алдым.
Ыңғайлы екен әрі ұлтарағы ортопедиялық. Енді жазғы аяқ киім сатып алмақшымын.

Жәрмеңкеде кез келген адамның талғамынан шығатын аяқ киімнің түр-түрін кезіктіруге болады. Бастысы, барлығы сапалы материалдан тігілген. Ыңғайлы, өйткені ортопедиялық болып саналады. Мұндай үлгідегі аяқ киімдерді ортопед дәрігерге жүгінбеген жандардың да кигені жөн. Бұл түрлі дерттің алдын алады дейді ортопед-травматолог Амангелді Мұхамеджанов.

Амангелді Мұхамеджанов, ортопед-травматолог:

– Бүгінде жастар да, егде жастағы адамдар да сәнді киінуге тырысады. Осы ретте аяқ киімнің қаншалықты сапалы әрі ыңғайлы екендігіне баса мән беру қажет. Өйткені, сапасыз дүниеден буын, табан ауырып, аяқ ісініп кетуі мүмкін. Тауар жасанды материалдан жасалса, түрлі аллергиялық аурулар да пайда болады.

Ал мына беларустық аяқ киімдердің сапалылығына шүбә келтірмейсің. Мысалы, мына былғары етікті “FAFALA” компаниясы тіккен. Құны небәрі – 25 мың 500 теңге. Мұндай тауар аяғы жалпақтау келген қыз-келіншектерге арналған.

Бүгін жәрмеңке тағы 400 жұп аяқ киіммен толықты. Дені көктемгі. Шетелдік меймандардың сөзінше, көрмеге күніне 100-ден аса адам келеді. Бір аптаның ішінде 600-ден астам аяқ киім сатылған.

Диана Широва
,сату жөніндегі менеджер, БР:

– Петропавлдықтарды аяқ киімдер жәрмеңкесіне шақырамыз. Тауардың барлығы таза былғарыдан тігілген. Оған қоса өнімнің басым бөлігі ортопедиялық. Етіктердің ең арзаны – 3 жарым мың теңге, ал ең қымбаты 33 мың теңге тұрады.

Тұрғындар қажетті тауарды Уәлиханов көшесі, 15/1 мекенжайы бойынша таба алады. Жәрмеңке таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Айта кетейік, Беларусь аяқ-киімдерінің сатылымы жексенбіге дейін, яғни ақпанның 27-сіне дейін жалғаспақ. Кейін шетелдік меймандар Петропавлға сәуір айында тағы келуді жоспарлап отыр. Онда негізінен жазғы аяқ киімдер саудаланбақ.

Дана Ешкенова