ТКШ

Жолаушы тасымалдаушыларға мемлекеттің қолдауы қажет

Облыс орталығында күніне түрлі бағытта 200 автобус жолаушы тасымалдайды. Соның 100-і – өткен жылы алынған су жаңа көліктер. Бұл, әрине, көпшілікті қуантқаны рас. Бірақ, қоғамдық тасымалмен айналысатын кәсіпорындардың қуанышы ұзаққа бармады. Өйткені, лизингке алынған автобустардың қарызын төлеу қиындық тудыруда.

Галина Семёнова, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– 2021 жылы жергілікті бюджеттен 450 млн теңге берілді. Оның 34 млн теңгесі жол ақысын субсидиялауға кетсе, қалған бөлігі қарызды төлеуге жұмсалды. Жолаушылар тасымалынан түстен қаржының да жартысынан астамы соған кетеді. Біз жол жүру ақысын 2017 жылдан бері көтерген емеспіз. Ал сол уақыттан бері жанар-жағармай бағасы талай рет қымбаттады. Тағы көліктерді жөндеу, қызметкерлерге жалақы төлеу деген шығындарымыз бар.

Жыл басында қоғамдық тасымалмен айналысатын кәсіпорындарға республикалық бюджеттен 575 млн теңге бөлініпті. Бірақ, мұның өзі жыртыққа жамау бола алмайды дейді облыстық автокөлік одағы қауымдастығының төрайымы Галина Семёнова. Ол қаржы осыған дейінгі қарыздарды жабуға жұмсалыпты. Сол себепті, мұндағылар тағы 3,5 млрд теңге қажет дейді. Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Дмитрий Колоданы мұндай өзекті мәселені мемлекеттік органдар емес, ұйым өкілдері көтеріп отырғандығы қызықтырды.

Дмитрий Колода, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл – жергілікті билік өкілдерінің құзырындағы мәселе. Қалалық және облыстық бюджеттің қаржысы шектеулі болса, неге бірден жоғары жаққа сұрау салынбады? Мені осы мәселе қызықтырады. Қазір шаһар әкімдігі құжаттарды облысқа бердік деп отыр. Мәслихаттың қарауын күтпей-ақ, құжаттарды бірден республика деңгейінде ұсыныңыздар. Әйтпеген жағдайда уақыт жоғалтып аласыздар.

Айта кетейік, бүгіндері қалада жолаушы тасымалымен 3 серіктестік пен сонша жеке кәсіпкерлік айналысады.

 

Магжан Ахмадина