Қоғам

ҰОС ардагері, қаламгер Қайырбек Сыздықовтың туғанына – 100 жыл

Қайырбек Сыздықов 1922 жылдың 23 ақпанында Жамбыл ауданының Айтуар ауылында дүниеге келген. Азамат Майбалықтағы мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнына конкурссыз түседі. Қолына дипломын алған соң Баянда мұғалім болып еңбек етеді. 40-шы жылы ұстаздық қызметтен қол үзуге тура келеді. Жерлесіміз әскерге шақыртылады. Азаматтық борышын өтеп жүргенде өзін жақсы жағынан көрсетіп, жаяу әскер училищесіне оқуға жолдама алады. Көп ұзамай иығына қос жұлдыз тағылады. Артынша соғыс басталып, Қайырбек Сыздықов майданда взвод командирі қызметін атқарады.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– 1942 жылы соғыстың ең қиын заманында оны Волков фронтына жібереді. Сол жерде ол өзінің взводымен ерлік көрсетті. Әскерін дайындағаны сондай олар қалың жауды өткізбеді. Сондықтан, 20 жасқа толған командирді “Қызыл жұлдыз” орденімен марапаттайды.

Қазақтың қайсар ұлының ерлігі – көпке үлгі. Жоғарғы бас қолбасшының бұйрығымен Қайырбек Сыздықов жас командирлерді дайындау үшін
оқу-тәжірибе орталығына жіберіледі.

Жангелді Тәжин
, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Жапон милитаристеріне қарсы соғысқа да қатысып, үлкен ерлік көрсетеді. Әскерде қалдырылып, нәтижесінде полк командирінің орынбасары болады. Тағы да басқа атақтарға ие болады.

Қайырбек Сыздықов сегіз қырлы, бір сырлы болыпты. Ол шығармашылықпен де айналысқан. Саналы ғұмырында бірнеше томдық кітап бола алатын мақалалар, 20-ға жуық өлең жазған. “Аңсағаным” атты әні де бар. Бұл туындыны оқ пен оттың ортасында жүрген жігіт ғашығына арнап жазған екен.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Сол кезде 15 жасар Мүкәрам әскерден тосамын деген уәде берген. 4 жылдай тосады. 1944 жылы 1 жұмалық демалысқа келіп, үйлену тойларын өткізеді.

Ерлі-зайыптылар 60 жыл отасады. 2 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінгі жиынға майдангердің немерелері де келіп отыр.

Мәдина Сыздықова, Қайырбек Сыздықовтың немересі:

– Атам мен әжем ұзақ және бақытты өмір сүрді. Олар 44-ші жылы үйленген. Мынандай суреттері естелік болып сақталып қалды. Атам жыл сайын 9 мамыр күні майдандағы естеліктерімен бөлісетін.

Қайырбек Сыздықов 2008 жылы 20 маусымда дүниеден озды. Майдангердің көзі тірі болса, бүгін 100 жасқа толар еді.