Өнеркәсіп

Мәжіліс депутаттары фанер комбинатында болды

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары «Солтүстік фанер комбинаты» серіктестігінде болды. Кәсіпорын бір жыл ішінде 10 мың шаршы метр өнім өндірген екен. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 18 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде. Алайда, бүгіндері өндіріс ошағы толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Оған шикізат жетіспеушілігі қолбайлау болып отыр. Оны серіктестіктегілер шетелден әкелетін көрінеді. Өткен жылы, тіпті, осы мәселенің салдарынан кәсіпорын жұмысы 2 айға тоқтап қалған. Түйткіл халық қалаулыларымен кездесу барысында көтерілді. Мәжілісмендер аталған мәселені мемлекеттік органдар кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешуі қажет дейді.

Ерлік Тайжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Кәсіпорынға шикізаттың бір бөлігі Ресейден жеткізіледі екен. Қалғанын жергілікті ормандардан алады. Осы ретте кейін экологиялық мәселе туындауы мүмкін. Тағы бір мәселе шикізатпен айналысатын алыпсатарларға қатысты. Олардың бағаны белгілеуін қадағалауға алу қажет. Бұны да мемлекеттік органдар кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешуі қажет. Жалпы алғанда, кәсіпорынның әлеуеті жоғары және өңіріміз үшін маңызды жоба.