Құқық қорғау органдары

Ел бойынша “Автобус” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде

 

Алдын алу акциясы аясында такси көліктері, қалаішілік және қалааралық автобустар бақылауға алынған. Яғни, тәртіп сақшылары арнайы тізімге енген темір тұлпар жүргізушілерінің жол ережесін бұзбауын қадағалауда.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Қоғамдық көлік жүргізушілері қауіпсіздік белдігін тақпайды, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, кино көру сияқты бұзушылықтар анықталуда.

Жалпы, жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері тәртіп сақшылары 128 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған. Соның 35-і рөлде отырып телефон пайдалануға қатысты. Ал 9 азамат көліктерін техникалық бақылаудан өткізбеген. 1 жүргізуші, тіпті, мас күйде жолаушы тасымалдаған.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Облыс аумағында ағымдағы жылдың басынан 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 6 адам қайтыс болды. 20 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Қоғамдық көлік тарапынан жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ.

Республикалық “Автобус” жедел-алдын алу шарасы наурыз айының 2-ші жұлдызына дейін жалғасады.

Алдияр Айтпаев