Мәдениет

“Жезкиік” ақынның туғанына – 90 жыл

Үш арыс. Әдеби кештің шымылдығын облыстық филармонияның әншісі Жанат Айтбаев дәл осы әнмен ашты. Туынды жерлес әдебиет майталманы Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған. Солтүстікқазақстандық қаламгер арнауды қазақтың үш бәйтерегінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында шығарған еді. Өлең бірден халықтың сүйікті әніне айналды. Себебі, Кәкімбек аға туындыны жүректен жүрекке жеткізудің хас шебері болатын. Ақын Марал Оспанова қаламгердің шығармашылығымен студенттік кезінде танысыпты. Әр өлеңін жатқа оқып, әнін сүйіп орындаған.

Марал Оспанова, ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

– Мен ол кісінің «Кездесу мен қоштасу» деген әнін сүйіп айтатынмын. Тіпті, қыз ұзату кешімде де орындадым. Оның барлық туындылары жүректі тебірентеді. Ол өте сезімтал ақын болатын.

Кәкімбек Салықов кейінгі ұрпаққа өз артынан мол мұра қалдырды. Әдебиет майталманы 800-ге жуық өлең шығарыпты. Оның тең жартысына ән жазылып, халыққа ұсынылған. Ақын туындыларының басым бөлігі кіндік қаны тамған еліне арналған.

Алтынай Сыздықова, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының әдіскері:

– Қай жерде болмаса да, өзінің туған жері жайында жырлаған. Бұдан оның патриоттық сезімін көруге болады. Ақындықтан бөлек, Кәкімбек аға аудармашылықпен де айналысқан. Ол орыс және шетел әдебиет өкілдерінің шығармаларын аударған.

Өлеңдерін туған жер мен елге, сұлу табиғатқа арнаудың да өзіндік бір себебі бар. Кәкімбек Салықов шығармашылықпен тек бос уақытында айналысқан. Мамандығы бойынша ол – тау-кен шебері. Еңбек жолын металлургия саласында бастап кейін партия қызметіне көшкен. Ұзақ жылдар бойы депутат болып жұмыс істеп, Кеңес одағы көлемінде жоғары лауазымдарға да тағайындалған. Сол кездегі кіндік қаны тамған жерге деген сағыныш жыр болып төгілгенге ұқсайды. Бүгінде әрбір туындымен жергілікті кітапханаларда танысып, тереңінен зерттеп-зерделеуге болады.

Эльмира Садвокасова