Білім

Тарих пәнінің мұғалімдеріне арналып тәжірибе сағаты өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінгі таңда мектептерде Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша оқулықтар пайдаланылады. Бұл жерде көптеген сәйкессіздіктерді көруге болады. Мен өзім бірнеше оқулықтарды оқып, олардың сапасыздығына таң қалдым. Тарихи оқиғалар мен фактілер оқушыларға бұрмалаусыз жеткізілуі керек. Сондықтан Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын әзірлеп, енгізуді тапсырамын.

Мемлекет басшысы былтыр үкімет отырысында оқушылардың қолындағы кітаптардың сапасыздығын айтып, олардың ішіндегі нақты деректердің аз екенін жеткізген болатын. Осы орайда ел тарихшыларына ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды тапсырды. Президенттің мұнысы өте дұрыс дейді тарих ғылымдарының докторы Жақсылық Сәбитов. Себебі, тәуелсіздік жылдарында дәлелденген деректер оқулықтарға әлі күнге дейін енбеген. Сондықтан қазіргі буын оқып жүрген кітаптардағы мәліметтерді толығымен жаңарту керек.

Жақсылық Сәбитов, Еуразия халықтарының популяциялық генетикасы жөніндегі сарапшысы, тарих ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы:

Бүгінгі іс-шарада мен жергілікті мамандарға соңғы 20 жылда елде табылған археологиялық деректер мен тарихи жаңашылдықтарды баяндайтын боламын. Мәселен, жақында Қазақстандағы тарихшы ғалымдардың бірі қазақтың алғашқы хандары Жәнібек пен Керейдің 1447 жылы Жетісудағы Іле өзенінің жағалауын мекен еткендерін дәлелдеді. Ал Кеңес дәуірінің тарихшылары оларды Әбілқайыр ханнан бөлініп кетті деп жазған болатын.

Бұл дәрістің жас мамандар үшін пайдасы мол. Рақымжан Берікұлы да болашақта тарихтың бір парағын зерттемекшімін дейді.

Рақымжан Берікұлы, №25 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

Солтүстік Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың нәтижесінде көптеген жаңалықтарға көз жеткізіп жатырмыз.

Сонымен қатар, жиын барысында аймақтағы ұстаздар мен оқытушыларға Солтүстік Қазақстан облысының генетикалық тарихы, қазақ шежіресі мен ботайлықтардың ұрпағы жайлы айтылды.

Бердимурат Баймухан