Қоғам

Петропавлда «Жақсылық жаса» акциясы өтуде

Анапластикалық эпиндимома. Осыдан 2 жыл бұрын денсаулығы сыр берген Мақсатқа елордалық мамандар дәл осындай диагноз қойған. Бүгінге дейін жасөспірім 2 отадан өтіп, 4 мәрте химия қабылдаған. Бірақ, дерт әлі де оның өміріне қауіп төндіріп тұр. Сол себепті, Мақсат Баяхмет анасымен бірге Түркияның Стамбул қаласына аттаныпты. Онда науқас сәулелік терапиядан өтуде. Немересінің қазіргі жағдайына әжесі Бәткен Қуандықова күндіз-түні алаңдайды, көзіне еріксіз жас та алады.

Бәткен Қуандықова, Мақсат Баяхметтің әжесі

– Өмірге ынтасы зор. Дәрігер болғым келеді дейді. Сондай ақкөңіл бала. Жуас, бұзақылығы жоқ. Үмітімізді үзгіміз келмейді. Тек қана жақсылық болса екен. Мұндайды ешкімнің басына бермесін.

Сәулелік терапиядан кейін Мақсат Түркияда тағы 6 мәрте химия қабылдайды. Әр процедураға 6 мың АҚШ доллары қажет екен. Қазіргі таңда теріскей жұрты көп түкірсе көл болудың қамын жасауда. Әркім қолдан келгенше көмек беріп жатыр. Тіпті, қайырымдылық шаралары да қолға алынды.

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Бұған дейін де Мақсаттың еміне ақша жинау үшін бірнеше акция өткізілді. Бүгін қайырымдылық іс-шарасы Достық үйінде жалғасуда. Мұндағы шарт қарапайым. Менің қолымдағы қағаздан жасалған көгершінді кез келген сомаға сатып алу арқылы жерлесімізге жәрдем беруге болады.

Бүгінгі акцияға келгендердің қатары қалың. Үлкен де, кіші де шарапаты мол шараға қатысып жатыр. Бұл бастама наурыздың біріне дейін жалғасады. Оған дейін қала мектептерінің оқушылары қағаздан жасаған мыңға тарта кептер Достық үйінде сатылмақ.

Мария Татаренко, «Қоғамдық келісім» КММ жетекшісінің орынбасары:

Мекемемізде мұндай акциялар жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл 15 жасар Мақсатқа көмек берудеміз. «Жақсылық жаса» акциясы аяқталғаннан кейін жиналған барлық қаражат жасөспірімнің жақындарына беріледі. Бұл шаруаға барлық мектеп оқушылары бір адамдай қатысты.

Қажетті қаражат – 60 мың АҚШ доллары. Бүгінге дейін бұл соманың жартысынан көбі жиналған. Мақсатқа жәрдем беремін деген жандар экранда көрсетілген телефон нөмірі арқылы ақша аудара алады.

Алдияр Айтпаев