Билік

Бұзушылықты тіркеп, сыйақыға ие бол!

Сыйақының сомасы 1000 теңгені құрайды. Бұл ақша банк картасына емес, ұялы телефонға бірлік ретінде аударылады. Осы орайда мәселеге тереңірек үңілейік. Сауда нүктесіндегі құқық бұзушылықты қалай тіркейміз?

Енді негізгі мәселеге көшеміз. Фискалдық түбіртектің берілмегенін және банк картасы қабылданбағанын дәлелдеу үшін бұзушылықты фотоға немесе видеоға түсіру қажет. Кейін сол материалды App Store не Play Мarket платформаларынан жүктелген жаңағы қосымша арқылы жолдау керек. Өтініштердің бірде-бірі елеусіз қалмайды. Мемлекеттік кірістер органдары әрбір хабарламаны тексереді.

Наталья Позднякова, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– 2020 жылы Wipon Сashback қосымшасы арқылы 1336 хабарлама келіп түсті. Біз тексеріс жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде 789 бұзушылық дәлелденді. Кейін шағымданушыларға сыйақы берілді, ал кәсіпкерлерге ескерту жасалды. Заң бойынша егер бизнесмен 1 жылдың ішінде осындай олқылыққа тағы жол берсе, оған 15 АЕК айыппұл салынады.

«Азаматтық бақылау – түбіртекті талап ет» бастамасы былтыр өз жалғасын тапты. Бірақ, тұрғындардың өтініштері қазаннан бастап қана қабылданды. Яғни, азаматтар фото-видео дәлелдемелерді желтоқсанның соңына дейін жіберді. Осы уақыт аралығында өңірімізде әжептәуір бұзушылық тіркеліпті.

Наталья Позднякова, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– Бізге қосымша арқылы келіп түскен хабарламаларды саралай келе 195 бұзушылық фактісі дәлелденді. Нәтижесінде азаматтарға 175 мың 500 теңге көлеміде сыйақы берілді. Сонымен қатар, 10 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың көлемі 292 мың теңгені құрайды.

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– «Азаматтық бақылау – түбіртекті талап ет» жобасының тұрғындарға несімен тиімді екенін түсіндік. Енді мемлекетке пайдасын толығырақ ұғындырайық. Мемлекеттік кірістер органдары өкілдерінің сөзінше, қазіргі қоғамда “екі жеп, биге шығуды” көздейтін кәсіпкерлер бар. Олар банк картасын қабылдамау, чек ұсынбау арқылы түскен шын табысты жасырып қалады. Кейін қазынаға аз мөлшерде салық аударады. Міне, мәселе осында. Сондықтан, сала өкілдері көлеңкелі бизнеспен бірге күресуге шақырады.

Байболат Култанов