МТРА жаңалықтары

Мағжан Жұмабаев ауданындағы иммундау шарасының барысы

Қалия Қаржауова Булаев қаласында тұрады. 56 жастағы нәзікжанды осымен 3-ші рет вакцина қабылдауға келіп отыр. Алғашқы қос компонентті жазда салдырған екен. Айтуынша, екпені жеңіл өткеріпті. Ешқандай ауырсыну, ыстық көтерілу секілді симптомдар болмаған. Бүгін, міне, кезекті мәрте иммундау шарасынан өтуде. “Вакцинаны өзімді және жақындарымды вирустан қорғау үшін аламын”,- дейді азаматша.

Қалия Қаржауова, Булаев қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Жақындарымның арасында ауырғандар болды. Вакцинаның арқасында олар аман-есен жазылып шықты.


Аудандық ауруханаға мектеп оқушылары, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар да келіп иммундау шарасынан өтіп жатыр. Олар АҚШ-та өндірілген «Pfizer» компаниясының вакцинасын қабылдауда.

Анастасия Ерёмушкина, Булаев қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Өз қалауыммен вакцина алуды шештім. Ата-анам рұқсат берді. Жаңа екпенің 2-ші дозасын қабылдадым. Жақындарымызды вакцина қойдырып қорғау керекпіз. Екпеден қорықпау керек.

Қазіргі күні Мағжан Жұмабаев ауданында «Pfizer» компаниясының вакцинасын 12 мен 18 жас аралығындағы 700-ден аса бала қабылдапты. Сонымен қатар, аталған препараттың алғашқы дозасын бала емізетін 105 ана мен 13 жүкті әйел салдырған. “Иммундалғысы келетін адамдарға екпе жеткілікті”,- дейді орталық аудандық аурухана директорының орынбасары Сергей Юрченко.

Сергей Юрченко, М.Жұмабаев ауданының орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары:

– Қаңтар айының ортасында біздің ауданда коронавирустың жаңа штамы – «Омикронды» алғаш жұқтыру фактісі тіркелді. Содан бері науқастанғандардың қатары артты. Қазіргі күні екпе алмаған балалар карантинге жіберіліп жатыр. Егер олар иммундау шарасынан өткен болса, мектепте ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындала алады. Петропавлға да барып, сынама тест тапсыруға мүмкіндіктері бар.

Айта кетейік, бүгінде М.Жұмабаев ауданындағы тұрғындардың 77 пайызы иммундау шарасының толық курсынан өткен.

Бердимурат Баймухан