Денсаулық сақтау

Инфекциялық стационарлардағы ахуал

Мария Безус жұқпалы инфекциялық ауруханада 2020 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істейді. Маман күн сайын түрлі науқастармен кездесіп, оларға ем-дом шараларын жасады. Яғни, облыстағы эпидемиологиялық жағдай көз алдында өзгеріп отырды десе де болады. Айтуынша бұрын COVID-19 адам ағзасында баяу таралса, қазір инфекция денені тез арада жаулап алады екен.

Мария Безус, Модульдік инфекциялық аурухана бөлімшесінің ординатор-дәрігері:

– Науқастардың жағдайы қас қағым сәтте өзгеріп отырды. Көбінесе пациенттер мекемеге ауыр халде түседі. Ондай жандардың дертімен күресу қиын. Көбінесе вирустан бүйрек пен бауыр зардап шегеді. Ал қазір гипоксиядан адамның барлық органдарына зиян келеді. Сол себепті, солтүстікқазқастандықтарға жедел жәрдемнің көмегіне уақытылы жүгіну қажеттігін ескертеміз.

Қазіргі күні модульді инфекциялық ауруханада 200 орын бар. Оның жартысына жуығында науқастар ем қабылдап жатыр. Жалпы, жыл басынан бері мұнда 372 адам жүгінген екен. Медициналық көмек алғандардың 170-сі – вакциналанғандар. Сонымен қатар, бүгінде инфекциялық ауруханада 10 азамат жансақтау бөлімінде жатар.

Мария Безус, Модульдік инфекциялық аурухана бөлімшесінің ординатор-дәрігері:

– Коронавирустың жаңа штамдары пайда болуына қарамастан вакцина қабылдаған адамдар ауруды жеңіл түрде өткереді. Екпе қойдырмаған тұрғындарға қарағанда олардың өкпесіне қатты зақым келмейді. Тағы бір айта кететін жайт, стационардан шыққан адам уақытша адамдармен араласуды тоқтатуы қажет. Себебі, ем қабылдаған кісі коронавирустың басқа штамын жұқтырып, өз жағдайын күрделендіріп алуы мүмкін.

Сонымен қатар, инфекциялық ауруханадан жазылып шыққан кісі өзінің учаскелік дәрігерінің бақылауында болады. Одан бөлек 3 айдан соң міндетті түрде өкпесінің компьютерлік томографиясын жасатады. Солтүстікқазақстандықтардың құлағына алтын сырға. Егер адмның бойында COVID-19-дың симптомдары байқалса шұғыл түрде жедел жәрдемге жүгіну қажет дейді ақ халаттылар. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық болса, оны үйде ем қабылдауға жібереді.

Бердимурат Баймухан