Энергетика

Жылу желісін күтіп ұстауға тұрғындар да жауапты

“Петропавл жылу желілері” серіктестігінің бас инженері Виталий Холоша Аяған Шәжімбаев көшесіндегі жағдаймен таныстыруда. Бұл жерден аталған серіктестіктің желісі өтеді. Соның орта тұсынан бөлек құбыр шығарылған. Оны жақын маңайдағы жеке тұрғын үй иелері тартып алыпты. Алайда, күтіп ұстауға құлықсыз. Яғни, азаматтар арнайы материалмен қаптаудан, қолда бар алтынды сақтаудан ат тондарын ала қашады екен.

Шаһардың орталығындағы тұрғындар мына кісілерден үлгі алуы тиіс. 4 адамнан құралған бригада “Петропавл жылу желілері” серіктестігіне тиесілі Набережная көшесіндегі құбырды қаптап жатыр. Қолданыста – бірнеше саниметрлік пенополиуретан. Арнайы материал мырышталған парақпен қапталады. Мұның нәтижесінде жылу далаға кетпейді.

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Көріп тұрғандарыңыздай, мына құбырдың үстінде қар жатыр. Бұл жұмыстың сапалы атқарылғандығын білдіреді. Яғни, қалың жамылғыдан жылу өтпей, ақ ұлпа ерімей тұр. Егер де мына жамылғы болмаса қар еріп кететін еді. Оған біздің көзіміз жетті.

Қапталмаған құбырдан қол күйетіндей жылу сезіледі. Мұндай температурада қар еритіні айдан анық. Арнайы брига жұмысқа жақында кірісіпті. Бүгінге дейін облыс орталығының солтүстік және орталық бөлігін жылумен қамтамасыз ететін желінің 150 метрден астам бөлігін қаптаған.

Виталий Холоша, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

Былтыр серіктестікке белгіліенген тарифке сәйкес, 4 шақырымға жуық құбырды қаптау қажет болды. Біз жоспарды 1 километрге асыра орындадық. Биыл да 4 шақырым желіні қаптауымыз қажет. Осы күнге дейін 700 метрге жуық құбыр тиісті жамылғымен оралды. Бұл – көзделген шаруаның 25 пайызы.

Жалпы, облыс орталығында 400 шақырымнан астам жылу желісі болса, соның бақандай 118 километрі тұрғындарға тиесілі екен. Мұнша құбырды жеке тұрғын үй секторында тұратын азаматтар баспаналарына тартып алған. Тиісінше, сол кісілер желінің жай-күйіне жауапты.

Виталий Холоша, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

118 километрге жауапты тұрғындар құбырлардың жай-күйіне бейжай қарайды. Олар өздері тартып алған желіні қаптап, үнемі бақылауда ұстауы қажет. Өкінішке қарай, тиісті шаруа бірде-бір жерде атқарылмады. Осының салдарынан жылу далаға кетіп жатыр. Міне, осы фактор айлық төлемнің әжептәуір артуына әкеп соқтыруда.

Ал шаруа қалай тындырылады? Маманның сөзінше, тұрғындар құбырларды өз күштерімен қаптай алады немесе арнайы ұйымдардың көмегіне жүгінуге болады.

Байболат Култанов