ТКШ

Петропавлдағы көпқабатты үйлерде жеделсатылар жаңартылуда

Назарбаев көшесі 158 мекенжайы бойынша орналасқан мына көпқабатты баспана осыдан тура 40 жыл бұрын қолданысқа беріліпті. Осы уақыттың ішінде 3 подъездің бірде-бірінде жеделсатылары ауыстырылмаған екен. Ақ түйенің қарны биыл жарылды. Қазір үйге заманауи лифтілер орнатылуда.

Вера Суслова, “Мира, 158” МИБ төрайымы:

Біз – “Нұрлы жер” бағдарламасының қатысушысымыз. Яғни, шаруа аталған жоба аясында мемлекеттің көмегімен атқарылуда. Істі өзіміз тындыра алмаушы едік. Себебі, жеделсатылар қымбат тұрады. Мысалы, алдыңғы жылдары әрбіреуінің құны 3-4 млн-ды құрады. Ал қазіргі таңда кемінде 12 млн теңге тұрады.

Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғындарға ескі жеделсатыларды ауыстыру үшін қайтарымды негізде 0,01 пайызбен 15 жылға дейін қаржы берілген. Ай сайынғы төлем пәтердің шаршы метріне байланысты. Мысалы, 3 бөлмелі баспанада тұратындар 2 мың 700 теңгедей төлейді. “Алайда тұрғындардың кейбірі лифт үшін төлем жасаудан бас тартуда”,- дейді Вера Суслова.

Вера Суслова, “Мира, 158” МИБ төрайымы:

Ұзақ жылдар бойы ауыстырылмаған жеделсатымен жүру өте қауіпті. Кенет тоқтап қалуы мүмкін немесе үзіліп кетіп, есігі қысып қалуы ықтимал. Сондықтан, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін оны міндетті түрде ауыстыру қажет. Кей жандар мұны түсінбей жатыр. Әсіресе, 1-ші, 2-ші және 3-ші қабатта тұратындар төлем жасағылары келмей, түрлі сылтаулар айтуда.

9 қабатты үйдің 3-ші подъезінде қызу шаруа. Мұнда да заманауи жеделсаты қойылуда. Жалпы, тұрғын үйдегі іске “Севтепломаш” серіктестігі жауапты.

Александр Углов, құрылыс-монтаждау жұмыстарының шебері:

Лифт орнатумен 5 жыл айналысып келеміз. Шынымды айтсам, бұл оңай шаруа емес. Бір жеделсатыны орнату үшін кемінде 1 ай уақыт қажет. Бір нысанда 3 адам еңбек етеді. Дәл қазір ескі жеделсатының туннелін тазалап жатырмыз. Кейін электр сымдарын тартуға кірісеміз.

Енді 1-ші подъездің жеделсатысы жаңартылмақ. Жалпы, мұндай бір лифтінің құны орта есеппен алғанда 15 млн теңгені құрайды. Маңызды шаруа қазіргі таңда Петропавлда тағы 2 көпқабатты үйде жүргізілуде.

Аслан Ілиясов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Биыл біз 3 көпқабатты үйдің 7 лифтісін ауыстырдық. Қазіргі таңда 2 көпқабатты баспананың 4 жеделсатысы жаңартылуда. Тұрғындар мердігер серіктестікті, өндіруші компанияны өздері таңдайды. Таңдау көбіне беларусьтік «Могилев Лифт» компаниясына түсуде. Оның пайдалану мерзімі кемінде – 25 жыл. Мұндай жеделсатының кұны 15 млн теңгені құрайды.

Лифт ауыстырғысы келетін тұрғындар қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүгіне алады. Үстіміздегі жылы шаһарда тағы көпқабатты үйлердің 10 жеделсатысы ауыстырылады деп жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде Петропавлда 112 көпқабатты баспанада 368 лифт бар. Оның 3-еуі істен шыққан.

Дана Ешкенова