Құрылыс

Құрылыс саласындағы бәсекелестік пен сапа

Өткен жылы елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын болмаған көрсеткіш. Мұндай мәліметке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де таң қалып, оның дұрыстығын тексеру қажеттігін айтты Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Өйткені, әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпарат бар деді Президент. Ал, биыл былтырғыдан 1 млн шаршы метрге көп үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ, құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатқан көрінеді. Тіпті, өңірлерді былай қойғанда, елордамыздың өзінде осындай проблема туындаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қалада алдағы 3 жылда сағатына 900 гигакалория жылу тапшылығы болуы мүмкін. Мұндай жағдай кей облыс орталықтарында да бар. Құрылыс жоспарын ескере отырып, оған қанша коммуналдық инфрақұрылым қажет екендігін болжай білу керек. Үкімет бұл жұмысты әкімдермен бірлесіп атқаруы тиіс. Осы талдаудың негізінде нақты шаралар қабылдау қажет. Бұдан былай, тиісті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жерге ғана тұрғын үй салынуы керек.

Тағы Президент құрылыс саласында бәсекелестік жоқ екендігін тілге тиек етті. Яғни, аталған секторда ірі компаниялар монополист болып алған. Олар тендерді жеңіп алып, жұмысты өздері атқармай, субмердігер компанияларға бере салады. Солай коммерциялық болсын, мемлекеттік тапсырыстар болсын, қолдан-қолға өте беретін көрінеді. Мұндайға алдағы уақытта жол берілмеуі керек деген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті тапсырма жүктеді. Құрылыс саласында 10 жылға жуық уақыт бұрын пайда болған жергілікті «Зерттеу СК» серіктестігінің ұжымы Президенттің айтқан сөздерін қолдап отыр.

Евгений Махиня, «Зерттеу СК» ЖШС директоры:

Ел дамуында құрылыс саласының алатын орны ерекше. Осы орайда бәсекелестіктің болуы маңызды. Ол бір орында тұрып қалмай, алға жылжуға ықпал етеді. Бүгінде бізде материалдар тапшы. Ол ешкімге жасырын емес. Сондықтан, өндіріс орындарын ашуға ден қойып жатырмыз. Биыл серіктестік темір-бетон бұйымдарын өндіруді қолға алды. Осының арқасында өңірдегі компаниялардың құрылыс материалдарына деген сұранысын қамтымақпыз және бұл тұрғын үй бағасын тұрақтандыруға жол ашады. Өйткені, көп жағдайда бағаның өсуіне материалдардың өзге аймақтар мен көрші елдерден әкелетіндігі себеп.

Бүгіндері «Зерттеу СК» компаниясында 100-ден адам еңбек етеді. Қазіргі таңда мамандар облыс орталығында 6 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізуде.

Магжан Ахмадина