Құқық қорғау органдары

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубына ғимарат қажет

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 33 жыл толып отыр. Қанды шайқаста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін олардың майдандастары мен түрлі ұлт өкілдері облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында бас қосты.

Бұл – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы мүшелерінің өнер көрсетуі. Ұйым ауған соғысы ардагерлерінің мұрындық болуымен 4 жыл бұрын ашылған Әскери-патриоттық клубқа 135 жасөспірім барып жүр. Солардың бірі – Темірлан Жантас. Абай атындағы қазақ-мектеп гимназиясының 7-сынып оқушысы келешекте өз өмірін әскери саламен байланыстырғысы келеді.

Темірлан Жантас, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Клубқа барып жүргеніме бір ай ғана болса да көп нәрсе үйрендім. Түрлі жаттығулар жасаймыз. Әскери қимылдарға үйретеді. Автоматты 33 секундта жинап, бұза аламын. Жаңа достар таптым.

Балғындар мұнда әскери өмірдің қыр-сырына қанығады. Бірақ, балғындар жаттығып жүрген жер – кәдімгі гараж екен. Талай мекеменің табалдырығын тоздырған клуб жетекшілері әлі еш нәтиже жоқ дейді. Сондықтан, қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ерік Тәттібаев, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы:

Біз 23-ші орта мектептің гаражында жаттығамыз. Қыста оның іші суық. Шатырдан су ағады. Барлығын өз қолымызбен жасаймыз. Біздің ұйым жастарға патриоттық бағытта тәрбие беретіндіктен лайықты бір нысан болғанын қалар едік.

Жалпы, өңірімізден Ауған жеріне өздерінің интернационалдық борышын атқаруға 1500 азамат аттанған болатын. Олардың 46-сы оққа ұшып, елге қайтып оралмады. Бүгіндері 684 жауынгердің көзі тірі.

Магжан Ахмадина