Құқық қорғау органдары

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 33 жыл

Ақпанның 15-і Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толады. Өзге елдің ішіндегі азаматтық соғысқа Қазақстаннан 22 мың сарбаз аттанған болатын. Олардың мың жарымы теріскейдің өрімдей жас жігіттері еді. Аман-есе Отанға оралғандары ел үшін, жер үшін деп қызмет етті. Бүгін жастардың бойына патриоттық сезім ұялатып, мемлекеттің гүлденуіне үлес қосқан бірқатар ардагер марапатталды.

Жерлестерімізге облыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хаттары табысталды. Кейін жиын барысында интернационал-жауынгерлердің өзекті проблемалары туралы айтылды. Толғандыратын басты мәселе – баспана жайы. Қазіргі таңда 59 ауған ардагері пәтер кезегінде тұр. Алайда, оның жылжуы көзге білінбейді. Сұрақтың шешілуін интернационал-жауынгерлер ұзақ жылдар бойы сұрап келеді. Десе де әлі біржақты етілер емес. Оны қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин былайша түсіндірді.

Асқар Хабибулин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Сіздерге тек жалдамалы-коммуналдық баспана бере аламыз. Бүгінде қалада жалпы саны – 6 үй салынып жатыр. Содан 6 пәтер кезекте тұрған ауған ардагерлеріне қарастырылған. Заң жүзінде көрсетілетін көмек осы ғана. Қазір Президенттің бұйрығымен әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне жалдамалы пәтер құнының 50 пайызын субсидиялау қарастырылып жатыр. Оған интернационал-жауынгерлер кіре ме, жоқ па белгісіз. Сұрақты елордадағы қоғамдық бірлестіктеріңізге жеткізу қажет.

Эльмира Садвокасова