Құқық қорғау органдары

Жасөспірімдерді тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери есепке тіркеу жүргізілуде

Бекзат Уәлихан – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы. Қазіргі таңда жасөспірім 17 жаста. Енді 1 жылдан кейін ол әскерге шақырту алады. Бүгін болашақ сарбаз арнайы медициналық тексерістен сәтті өтті.

Бекзат Уәлихан, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Медициналық тексерістен өту барысында денсаулығымда ешқандай кінәрәт анықталған жоқ. Осыған байланысты мен өз өмірімді әскери іспен байланыстырмақшымын.Нақытырақ айтсақ, мектепті аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы ұлттық қауіпсіздік коммитеті академиясына түспекшімін.

Бүгін дәрігерлер 43 болашақ сарбазды медициналық тексерістен өткізіп жатыр. Бірінші, оларды окулист, хирург және нарколог сынды мамандар қабылдайды. Ең соңғы болып жасөспірімдер терапевтің кабинетіне кіреді. Осы жерде ақхалатты медициналық қорытынды шығарып, ұлдардың әскерге жарамды не жарамсыз екендігін шешеді.

Майра Елеукина, қалалық медициналық комиссияның терапеві:

– Медициналық комиссиядан өтіп жатқан балалардың денсаулығы жалпы жаман емес. Осы жастағы балаларда жиі болатын аурулар кездесіп жатады. Жүйке, асқазан, кейбір балаларда демікпе мен жүрек аурулары кездеседі. Кейбір жасөспірімдердің салмақтары аз.Емделетін ауруларды анықтағаннан кейін біз балаларды емханаларға жібереміз. Яғни әскерге шақырту алғанша болашақ сарбаздар жазылып шығады.

Жас сарбаздарды тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери есепке тіркеу жұмыстары қаңтар айынан басталды. Дәстүрлі шара наурыз айына дейін жүргізіледі.

Ерлан Утеуов,  қалалық қорғаныс істері басқармасы бастығының орынбасары:

– Қала бойынша тіркеуге мың жарымнан астам жасөспірім тұрады. Бүгінге күнге дейін олардың 500-і әскери есепке тұрғызылды. Ең бірінші, олар медициналық тексерістен өтеді. Одан кейін олармен зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Ең соңында олардың қандай қарулы күште Отан алдындағы борыштарын өтейтіндігі анықталады.

Айта кету қажет, жасөспірімдерді тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери есепке тіркеу жұмыстарынан кейін наурыз айында көктемгі әскерге шақырту шаралары жүргізіледі.

Алдияр Айтпаев