Бизнес және экономика

Петропавлда іскер әйелдер кеңесінің жиыны өтті

Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің мүшелері биыл ауыл-аймақты араламақ. Ондағы басты мақсат – жұмыссыздықты жоюға ықпал ету. Яғни, іскер нәзікжандылар өз кәсібін бастағысы келетін қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерімен бөліспек. Жалпы, өңірімізде өз ісін ашып, кәсіптен нәсіп тауып отырған бұрымдылар жылдан-жылға көбейіп келеді, дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова. Бүгінде облыста 30 мыңнан астам орта және шағын бизнес субъектісі болса, соның үштен біріне нәзікжандылар жетекшілік етеді екен. Осы ретте алдағы уақытта облыста әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобаны іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Әсел Есжанова, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің төрайымы

– Қазір жобаны іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Орталық қызметінің аясында әйелдер бизнесін дамытуға қолдау көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар, қолдау түрлері мен бизнестің қыр-сырын толық меңгеруге мүмкіндік жасалмақ.

Эльмира Садвокасова