Денсаулық сақтау

Өңірде соңғы тәулікте 222 адам коронавирус жұқтырды

Солтүстік Қазақстан облысының қайтадан қызыл аймаққа енгеніне осымен 4-ші апта. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Соңғы 14 күннің ішінде 4 мыңнан астам адам науқастанған. Бұл оның алдындағы қос аптамен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Өсім барлық ауданда байқалады

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Бүгінде өңірдегі эпидахуалды жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмау қиындатып отыр. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 24 мың 551 жағдайы тіркелді. Бұл өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда 45%-ға көп. Сондай-ақ, облыста жыл басынан тұмаумен ауырудың 35 жағдайы тіркелді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан тура 2 апта бұрын өңірімізде карантин ережелері жеңілдетілді. Ал күні кеше ғана еліміздің бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Құжатта білім беру ұйымдарында шектеу шаралары алып тасталатыны туралы жазылған. Яғни, оқушылар мен студенттер ақпанның 14-інен бастап дәстүрлі форматта оқитын болады.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Эпидемиологиялық жағдайдың әлі де тұрақсыз болуына байланысты сақтық шараларын бәсеңдетпеу қажет. Яғни, барлық білім беру ұйымдарының басшылары санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Оқушылар мен студенттер міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтағандары жөн.

Облыс стационарларындағы жағдайға келсек, коронавирус жұқтырған науқастарға арналып 1500-ге жуық төсек-орын әзірленген. Бүгінде оның 400-ден астамы толық. Ал 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда. Балаларға тоқталар болсақ, қазіргі таңда облыс бойынша 700-ге жуық ұл-қыз коронавирусқа шалдыққан. Оның 25-і ауруханада жатыр.

Еркебұлан Баязитов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Амбулаторлық емдеуде – 653 бала. Оның ішінде сиптомсыз – 297 ұл-қыз. Жеңіл дәрежеде – 349, ал орташа жағдайда – 7 бала. Жүкті әйелдер бойынша қазіргі таңда 131 нәзікжанды бақылауда. Оның ішінде 11 әйел стационарларда ем қабылдауда.

1 жылдың ішінде 278 мың солтүстікқазақстандық вакциналаудың толық курсынан өтті. Бұл екпе алуға рұқсат берілген жұртшылықтың 74,9 пайызын құрайды. Ал 78 мыңнан астам теріскейлік 3-ші дозаны қабылдаған. Америкалық “Comirnaty” препаратын өңірімізде 12 мыңға жуық адам салдыртқан. Мамандардың сөзінше, облыста вакцинаның бірнеше түрі бар әрі жеткілікті көлемде. Сондай-ақ, қаңтар айында өңірімізге 5 мыңнан астам ресейлік “Спутник Лайт” препараты жеткізілген. Бүгінде оның небәрі 338 компоненті қалған.

Дана Ешкенова