Спорт

Өңірде қысқы спортты дамыту орталығы ашылуы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев келді. Ол күннің алғашқы жартысында Қызылжар және М.Жұмабаев аудандарына барып, салада атқарылған іспен, тұрғызылған нысандармен танысты.

Ал түстен кейін ат басын Петропавлға бұрды. Мұнда Александр Винокуров спорт сарайында болды. Министрлік өкілі орталықтағы әрбір залға бас сұқты. Бильярд, көркем гимнастика, еркін және грек-рим күресі, жеңіл атлетика, шағын футбол, бокс. Қатарда шорт-трек пен хоккей де бар. Шаһардағы заманауи кешенде бір мезетте түрлі жастағы 500-ге жуық бала спорттың 10-нан астам түрімен айналысады. Самат Ерғалиев ұл-қыздарға жасалған жағдайға жоғары бағасын берді. Ал арна тілшілеріне берген сұхбатында болашақта қысы ұзақ аққайыңдар өлкесінде жүзеге асыруды қажет ететін ойымен де бөлісті.

Самат Ерғалиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

– Солтүстік Қазақстан – қысқы спортты дамытатын өңір. Арнайы орталық салу қажет деп ойлаймын. Осындай ұсыныс білдіремін. Жалпы, облыста спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Атқарылған шаруаға көңілім толды.

Эльмира Садвокасова