Денсаулық сақтау

Өңірде дәрігер тапшы

Коронавирус індетінің жер шарын дүрліктіріп қойғанына 3 жылдан асты. Кесел басыла ма десең, керісінше дендеп барады. Вирус, әсіресе, ақ халаттыларды әуре-сарсаңға салды. Бүгіндері дәрігерлердің біразы осы дертпен күресуге жұмылдырылған. Десе де, бұл өзге ауру түрлері ұмыт қалды деген сөз емес.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Медицина саласының қызметкерлері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Яғни, дәрігерлер науқастарды күн сайын қабылдайды. Мамандарға қаралуға да кедергісіз жазылуға болады. Алдын алу жұмыстары да тоқтаған емес. Тұрғындар скринингтен де уақытылы өтіп жатыр.

Осы ретте айту қажет, онкологиялық орталық пен психиатриялық клиниканың мамандары короновируспен күрес жұмысына мүлдем қатыспайды. Олар тек өздерінің тар мамандықтары бойынша ем жүргізуде. Пандемия жағдайында солтүстікқазақстандықтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту шаралары да ақсаған емес.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы тұрғындарды тегін медициналық препараттармен қамтуға 1 млрд 108 млн теңге бөлінді. Сөйтіп, есепте тұрған және дәрі-дәрмекке мұқтаж жандарға олар уақытылы таратылып отырды. Айта кету қажет, кейде ақ халаттылар препараттарды науқас жандардың үйіне дейін апарып беріп отырды. Әсіресе, вирус 60 жастан асқан жандарға қауіпті болғандықтан, ең алдымен осы санаттағы жандарға жеткізілді.

Өңірде дәрігерлер тапшы. Емдеу мекемелеріне 285 маман жетіспейді. Салаға кадр тарту мәселесі – күн тәртібінде.

Магжан Ахмадина