Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу мақсатында бүгіндері мемлекеттік сатып алулар саласында тың өзгерістер орын алып жатыр. Яғни, бұрынғыдай, бір көзден қаржыландыру арқылы жасалатын келісімдер саны азаюда. Айталық, биыл көресткіш өткен жылғымен салыстырғанда 15 пайызға кеміпті. Бірақ, бұл әдістен мекемелердің барлығы бірдей бас тартпапты. Мәселен, облыстық ветеринария, білім мен денсаулық сақтау басқармаларында әлі күнге дейін бір көзден қаржыландырылатын мемлекеттік сатып алулар саны басым. Оның өз себептері де бар екен.

Марат Тасмағанбаетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Заңға сәйкес бір көзден қаржыландыру мынадай жағдайларда мүмкін болады. Яғни, төтенше жағдай кезінде, зияткерлік меншік, ветеринарлық қауіпсіздік және білім беру саласында. Соның ішінде оқу ордаларын қаржыландыру, аталған нысандардың коммуналдық қызметтері, оқулықтармен қамту сынды жұмыстар. Өзге жағдайларда мемлекеттік сатып алулар тек ашық конкурс арқылы жүргізіледі.

Ал кей ведомстволар мемлекеттік сатып алуларға конкурс жариялауға асығар емес.

Жанар Мұсақұлова, СҚО мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы:

– Жарияланбаған мемлекеттік сатып алулардың сомасы – 42 млрд 814 млн теңге. Бұл 28 пайызды құрайды. Оның ішінде табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен Тимирязев және Шал ақын аудандары бар. Тағы маңызды инвестициялық жобаларға мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсты жарияламағандар да бар. Мәселен, Петропавл қалалық әкімдігі. Қапай ауданындағы сомасы 8 млрд теңгеден асатын 9 жоба мен жолдарды күрделі жөндеуге қажетті 479 млн теңгенің конкурсы тоқтап тұр.

Осы ретте өңір жетекшісі шаһар басшысының жұмысын сынға алып, конкурстық шараларды созбау қажеттігін ескертті. Өйткені, дер кезінде қолға алынған шаралар жобаның уақытылы аяқталуына да, сапасына да тікелей әсер етеді.

Марат Тасмағанбаетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Өткен жылдан 155 млрд теңгенің жобасы биылға қалдырылды. Соның 56 млрд теңгесіне конкурс өткізілді. Осылай уақытылы жасалған шаралардың арқасында мердігер компаниялар көктем, жаз айларында жасалуы тиіс жұмыстарға ерте бастан қамдана береді. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, жаз тез өте шығады. Сондықтан, осы аралықта қажетті шаруаны тындырып, солтүстіктің қара суығы түскенше жөндеу жұмыстарын барынша аяқтау қажет.

Бүгіндері «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ақжар ауданында – 3 және «Нұрлы жер» бойынша 2 жобаның конкурсы өткізілмеген. Жауапты ведомство мамандарының айтуынша, олардың жобалық-сметалық құжаттары қалыпқа келтіріліп жатыр. Мұндай шаралар істі сапалы орындау үшін қажет-мыс. Осы ретте өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов мемелкеттік сатып алулар саласында жұмыс істейтін мамандардың білімін үнемі жетілдіріп отыру қажеттігін айтты. Өйткені, кейде қызметкерлер де қателік жіберіп жатады. Сондай жағдай Уәлиханов ауданында орын алыпты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Уәлиханов ауданының құрылыс бөлімі жабық мұз айдынының құрылысына мемлекеттік сатып алу жүргізу үшін конкурс жариялаған. Бірақ, олар аталған жұмысты тиісті ведомство, яғни мемлекеттік сатып алу басқармасына беріп, солар арқылы жасауы тиіс еді. Нәтижесінде конкурс өткізілген жоқ. Бұл – мамандар тарапынан жіберілген салғырттық. Сондықтан, мемлекеттік сатып алулармен жұмыс істейтін қызметкерлердің білімін үнемі жетілдіріп отыру қажет.

Құмар Ақсақалов мемлкетттік сатып алуларға қатысқан алақол мердігерлер жайлы да сөз қозғады. 2021 жылы аудандар осындай мекемелерге қатысты 53 істі сотқа берген. Нәтижесінде олардың 37-сі жауапкершілігі төмен деп танылды.

Құмар Ақсақалов
, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осындай тапсырыс алушылардың салдарынан тұрғындар зардап шегеді. Жобалардың жүзеге асырылу мерзімі айлап, кейде жылдар бойына созылады. Жауапсыз мердігерлерді жауапқа тарту қажет. Жұмыстың сапасын бақылау үшін қоғам өкілдерін тарту маңызды. Елді мекен тұрғындары құрылыс, жөндеу шараларын өздері қадағалап, кемшін кетіп жатқан тұстарын хабарлап отырса, жұмыс сапалы жүргізіледі. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлер жобалардың барлығын бірдей қадағалай алмайды. Осы ретте солтүстікқазақстандықтардың белсенділік танытқаны жөн.

Бұдан соң, жиында короновирусқа қарсы вакцинация және ревакцинация жайлы сөз қозғалды. Жыл басталғалы вирус 29 солтүстікқазақстандықтың өмірін жалмаған. Ал 22 адам ауыр халде ауруханада жатыр. 204 науқас оттегі концентраторына қосылған. Жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінетіндер қатары да толастар емес. Тек бір ай ішінде ғана мобильді бригадалар 11 мыңнан астам тұрғынға көмек көрсетіпті. Ал амбулаторлық ем қабылдап жатқандар саны өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 6,3 есеге артыпты. Өңірдің бас дәрігері тәж ауруынан көз жұмғандардың дені 60 жастан асқан адамдар дейді.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Короновирустан көз жұмғандардың 79 пайызы – 60 жастан асқан жандар. Қазіргі күні реанимацияда жатқандардың да 82 пайызы – егде жастағы адамдар. Жыл басталғалы ковид 6 мың 925 солтүстікқазақстандықтан анықталды. Солардың мың жарымға жуығы 60 жастан асқан және олардың 95 пайызы вакцина алмапты. Жалпы, өңірде осы санаттағы жандардың 115 мыңнан астамы екпе жасатуы тиіс. Бүгіндері олардың тек 65 мыңы ғана вирусқа қарсы вакцина қойдырған.


Осы орайда аталған жастағы жандарды вакцинациялау шаралары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта Уәлиханов, Тайынша және Ақжар аудандары көш бастап тұр. Ал қаладағы 2-ші мен 3-ші емханалар дәне «Денсаулық» жеке коммерциялық емес мекемесі, Қызылжар ауданы да көш соңында тұр. Вакциналау науқанына қарқын қосу үшін ақпараттандыру жұмыстарына баса назар аудару қажет делінді жиында. Өңірде медицина саласына кадр жетіспеушілігі мәселесі де өзекті. Ал 1-ші қалалық емхананың статистикасын оларға қарайтын түзету мекемелері бүлдіріп тұрған сыңайлы.

Светлана Кашенцева
, №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Біздің емханаға 3-ші колония мен тергеу изоляторы қарайды. Оларда вакцина алғандардың көрсеткіші өте төмен. Бізді 60 адам екпе алады деп шақырады. Ал дәрігерлер барғанда бар-жоғы 5-6-уы ғана қойдырады. Тиісінше бригада уақытын босқа кетіреді. Біз оларға еш билік жүргізе алмаймыз.

Мәселені облыс әкімі тез арада шешуді жауапты орынбасарына жүктеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Медицина осынау проблемамен жалғыз өзі күресе алмайды. Билік өкілдері қол ұшын беруі тиіс. Әсіресе, ақпараттандыру саласында жақсы қолдау білдіру керек. Емдеу мекемелерін көлікпен қамтуға дайынбыз. Қажет болса қосымша қаражат та бөлуге болады.

Өңір жетекшісі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайда медицина саласына қолдау көрсету қажеттігін айтты.

Магжан Ахмадина