Денсаулық сақтау

Есіл ауданындағы иммундау шарасының барысы

Диас Арғын – 14-те. Жеткіншек Явленка селосындағы А.Шәжімбаев атындағы №3 орта мектепте білім алады. 9-шы сынып оқушысы үшін қазір маңызды кезеңдердің бірі. Дәл осы уақытта болашақ мамандығын таңдап, дайындықты күшейту қажет. Яғни, сабақтарды босатуға болмайды. Ал, бітпейтін карантиндер мен онлайн формат керісінше, оқу процесіне сәл кедергі келтіреді дейді. Бүгін аудандық емханаға келіп, вакцина алып жатқаны да сондықтан.

Диас Арғын, А.Шәжімбаев атындағы Явленка №3 орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:

– Вакцинаны алмас бұрын үйдегілермен, мектептегі мұғалімдермен, медбикелермен ақылдасып, шешім қабылдады. Олар вакцина алсаң, ауырмайсың деді. Сыныптастарымның да барлығы екпе қойдыруда. Отбасымызда 5 адам. Төртеуіміз вакцина алдық.

Вакцина алып, алаңсыз өмір сүруді таңдағандардың бірі – Лидия Мелешко. Нәзікжандының жасы 73-тен асыпты. Ал, күйеуі Петр Александрович 84-те. Ерлі-зайыптылар жарты жыл бұрын иммундау шарасынан өткен. Енді ревакцинацияға келіп отыр. Бұл жолы қариялар “Pfizer” компаниясының “Comirnaty” вакцинасын алды.

Лидия Мелешко, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Өмір сүргіміз келеді. Жыл өткен сайын қартайып барамыз. Жұбайым екеумізге қарайласып, күтетін ешкім жоқ. Сондықтан, екпе алып, қорғануды шештік. Бүгін емханаға достарымызбен бірге келдік. Барлығы ревакциналаудан өтіп жатыр.

Жалпы, иммундау шарасы бойынша Есіл ауданындағы қарқын көңіл көншітерлік. Коронавирусқа қарсы вакциналаудан 14 мың 500-ден аса адам өтуі қажет. Бүгінде олардың 84 пайызы екпенің 1-ші компонентін, ал 12 мыңға жуығы қос дозасын да алған.

Аманжол Қазиев, Явленка аудандық ауруханасының бас дәрігері, Есіл ауданы:

– Бүгінде аудан бойынша ревакциналаудан 8 мың 700-ден аса адам өтуі тиіс. Олардың жартысы екпені алып үлгерді. Айта кету қажет, қазір 60-тан асқан қарияларға 3-ші доза ретінде “Comirnaty” препаратын қоюдамыз. Бұдан бөлек, аталған вакцинаны 509 жасөспірім, 16 жүкті әйел мен бала емізетін 116 ана алды.

Иммундау шарасынан Явленка селосынан бөлек, 5 ауылдағы дәрігерлік амбулаториядан өтуге болады. Ал қалған елді мекендерге аудандық ауруханадан арнайы мобильді бригада жіберіледі екен.

Эльмира Садвокасова