ТКШ

Облыс орталығында 41 үйдің құрылысы жүргізілуде

Максим Пфайфердің «Основание» серіктестігінде еңбек етіп жүргеніне бір жыл ғана болыпты. Ол колледж бітірген соң-ақ, өңірдегі іргелі компанияға тас қалаушы болып орналасқан. Бұл нысан – жас маманың алғашқы жобасы. Құрылыс компаниясының жұмысшылары 9 қабатты үйдің 5-ші қабатын қалап жатыр.

Максим Пфайфер, «Основание» ЖШС тас қалаушысы:

– Біз, негізінен, кірпіш пен газоблокты пайдаланамыз. Нақты мына нысанда қабырғаны кірпіштен қалап жатырмыз. Жұмысымыз ұқыптылықты қажет етеді. Ең алдымен тиісті материалдарды дайындап алу керек. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақымыз жақсы, уақытылы төленеді. Сондықтан, жастарды қол қусырып отырмай еңбек етуге шақырамын.

9 қабатты нысанның құрылысын серіктестік өткен жылдың шілде айында бастапты. Қазір мұнда құрылысқа қажетті бірнеше техника мен 45 адам дамылсыз еңбек етуде.

Роман Тыртышный, «Основание» ЖШС директорының орынбасары:

– Қазір үйдің қабырғалары көтеріліп, электрмонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, қысқы уақытта атқарылатын шаруа тындырылып жатыр. Құрылысқа, негізінен, отандық өнімдерді қолданамыз. 2 подьезден тұратын 72 пәтерлі баспана мемлекетттік бағдарлама аясында үстіміздегі жылдың шілде айында тапсырылады. Бұдан бөлек, осы ауданда тағы екі 9 қабатты үй мен «Жас өркен» ауданында коммерциялық баспананың құрылысын жүргізіп жатырмыз.

Жалпы, бүгіндері облыс орталығында 41 үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың 23-і – бюджеттік, ал қалған 18-і – коммерциялық баспаналар. Айта кетейік, үстіміздегі жылы тағы 10 нысанда құрылыс жұмыстары бастау алмақ. Оның 9-ы Қапай ауданында бой көтереді.

Магжан Ахмадина