Балалар

Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары көмек сұрауда

Аиша Төлегеннің жасы 2 жыл 8 айдан асты. Асыр салып ойнап, алғашқы әнін айтып, ата-анасын қызықты әңгімелермен, балдай тәтті тілімен қуантатын кез. Өкінішке қарай, балғынның алғашқы қадамы мен “анашым” деген сөзінің өзі жақындары үшін арманға айналған. Бүлдіршін дүние есігін ашқан кезде, миына қан құйылып, бірнеше ағза мүшесіне зақым келіпті. Содан дамуында ақау қалыптасқан.

Әзиза Жүнісова, ата-ана:

– Қызымның диагнозы – гидроцефалия. Эпилепсиясы бар. Тағы атрофия зрительных нервов. Көзіне зақым келген. Қызымды бірнеше қалаға, тіпті шетелге реабилитацияға апардым. Варшавадағы клиникада қызым отыратын болды.

Бұл прогресті Әзиза Жүнісова бір жылдан аса уақыт армандаған екен. Кішкентай Аишаның алға жылжығанын көрген ана, дәл осындай оңалтуды Қазақстан бойынша іздеген. Алматы, Нұр-Сұлтан сынды қалаларға барып, ақылы түрде реабилитациядан өтіпті. Алайда, жетістіктерді сақтап, баланың қабілеттерін одан әрі дамыту үшін жұмыс жүйелі түрде жүргізілу қажет. Өкінішке қарай, мұндай мүмкіндік Петропавлда жоқ дейді Әзиза.

Әзиза Жүнісова, ата-ана:

– Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған залдар мен орталықтар жоқтың қасы. Осы жағынан қаламыз дамымаған. Жанымызға бататыны да – осы. Өз күшімізді салып, осы залды ашуға мәжбүр болдық.

Кішігірім оңалту залын мүмкіндігі шектеулі 7 баланың ата-анасы бірігіп ашқан. Зал қаңтар айынан бері жұмыс істеп тұр. Балғындардың тілін дамытып, физикалық тұрғыда денсаулықтарын нығайту үшін мамандар Қазақстанның түкпір-түкпірінен шақыртылады. Білікті дәрігерлердің 40 күн ішіндегі нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.

Әзиза Жүнісова, ата-ана:

– Қазір қызым бауырымен еңбектейтін болды. Қол-аяғына күш жинады. Бұрын еңбектей алмайтын. Жетістіктеріміз одан да көп болатынына мен сенемін. Ол үшін тыңбай еңбектену қажет. Ол үшін бізге көмек қажет болып тұр. Ауылда тұратын мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына да айтарым – қалада осындай зал бар. Балалардың денсаулығын сауықтыруға біздің орталыққа келулеріне болады.

Өкініштісі сол – оңалтуға жұмсалатын қаржы жанұялардың бюджетіне қатты салмақ салуда. Бүгінде баласын реабилитациядан өткізуге 70-тен аса ата-ана ниеттеніп отыр. Алайда, процедураларға ұдайы түрде тек 15 балғын ғана қатысады екен. Оңалту құнын өзгелерінің қалтасы көтермейтін көрінеді.

Оксана Бормотова, ата-ана:

– Қаладағы тегін оңалту шараларының деңгейі біздің балалар үшін аздық етеді әрі жылына одан 2 мәрте ғана өтуге болады. Бізге күнделікті жұмыс істеу қажет. Осыған дейін 6 жастағы ұлым Артеммен ұзақ уақытқа Алматы мен Новосібір қалаларына барған болатынбыз. Онда пәтер жалдауға, жол мен азық-түлікке көп ақша кетті әрі мында отбасыңды қалдырып кетуге мәжбүр боласың. Біз ұл-қыздарымыздың өз қатарластарымен бірге дамып, өмірдің қызығын көргенін қалаймыз. Сондықтан, жиған-терген ақшамызды оңалтуға жұмсаудамыз.

Қаңтар айында Бормотовтар жанұясы Артемді оңалтуға 250 мың теңге бағыттапты. Себебі, реабилитациялық орталықтың жұмысына қажет барлық шығынды әке-шешелердің өздері көтеріп отыр. Мәселен, ай сайын залды жалдауға 80 мың теңге жұмсайды екен. Ал, нұсқаушының 40 минуттық сеансы 4 мың теңгені құрайды. Одан бөлек, өзге қаладан шақыртылатын білікті маманның жолы, тұруы мен тамағына қажет қаражатты да ата-аналар өз қалталарынан шығаруда.

Оксана Бормотова, ата-ана:

– Это непосильно и тяжеловато. Помимо этого ведь нужно жить. Тянемся как можем. Хотели б кого-нибудь привлечь, чтобы нам помогли.

Баласы десе шыр-пыр ететін әке-шешелер кез келген көмекті қабылдауға даяр. Ата-аналар қауымы жергілікті әкімдік оңалтуға арналған шағын нысан не зал бөлсе деген ниетте. Сондай-ақ, демеушілерді де ұл-қыздарға жарқын болашақ сыйлауға үлес қосуларын сұрайды. “Балалар жылы” деп жарияланған 2022 жылда проблема шешімін тапса, ондаған жеткіншек пен олардың ата-аналарының басты арманы орындалмақ.

Эльмира Садвокасова