ТКШ

Көпқабатты үйлерде жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойындағы 163-ші үй. 5 қабатты баспана 86-шы жылы қолданысқа тапсырылған. Нысан салынғалы ауқымды жөндеу көрмепті. Уақыт өте тұрғындар өз шама-шарқынша жамап-жасқаған. 36 жылдың ішінде үйдің төбесі әбден ескірген екен. Мемлекеттік бағдарлама аясында бүгінде жаңғыртудан өтуде. “Мирас GROUP” серіктестігінің мамандары мұнда қазаннан бері біраз істің басын қайырған. Тозығы жеткен жұмсақ жамылғының үстіне кәдімгі шатыр жапқан, төбенің жиегіндегі кірпіштерді ауыстырған.

Қазір мамандар үйді бойлай суағарлар мен нысанның үстіңгі жағына шағын терезелерді орнатып жатыр. Жөндеу жұмыстарына барлығы 20-ға тарта адам жұмылдырылған.

Геннадий Голодников, мердігер серіктестіктің прорабы:

– Жөндеу жұмыстарына қазанның 15-і күні кірістік. Жоспарланған істің басым бөлігі тындырылды. Шаруаны толығымен ақпанның 20-сына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Енді ұсақ-түйегі қалды. Жұмысымызға ештеңе кедергі болған жоқ. Тиісті материал уақытында жеткізіліп отырды, қаржыландыру бойынша да мәселе туындаған емес.

Жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан үй 2018 жылы апаттық деп танылған. Бірақ, тұрғындар өткен жылы мәселені шешу мақсатында өзара жиналыс өткізіп, әкімдікке жүгінген.

Виталий Куль, “Автомобилист-2” ПИК төрағасы:

– Әкімдікке өтінім бергеннен кейін, олар бағалау жұмыстарын жүргізіп, сметалық құжаттама әзірледі. Жаңғырту шараларын жүргізуге рұқсат беретін құжаттың өзін 2 ай күттік. Жоба құны 108 млн теңгені құрайды. Бұл соманы тұрғындар 15 жыл бойы өтейді.

“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында қазіргі таңда Петропавлда 20-ға тарта үй жөндеу көріп жатыр. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 980 млн теңге бөлінген.

Аслан Ілиясов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– 13 үйдің шатыры мен жертөлелері жөнделіп жатыр. Одан басқа 5 үйде лифт ауыстырылуда. Бұл бағдарлама бойынша барлық қаражаттар қайтарымды негізде. 0,01 пайызбен 15 жылға дейін беріледі. Ай сайынғы төлем пәтердің шаршы метріне байланысты. Бүгінгі таңда ол 2 жарым мыңнан 8 мың теңгеге дейін жетеді.

Облыс орталығында аталған бағдарлама аясында тағы 1 млрд теңгеден астам қаржыға 26 үйде жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев