Білім

ҰБТ-ның алғашқы толқыны жүріп жатыр

Мәдина Сәдуақасова – болашақ ағылшын тілінің мұғалімі. Армандаған мамандығын игеру үшін бойжеткен Ұлттық бірыңғай тестілеуде шет тілі мен дүниежүзі тарихын тапсырады. Одан бөлек, оқу мен математика сауаттылығы, қазақ тілі пәндерінен білімі сыналмақ. Мектепте ұйымдастырылатын емтихандарда жас түлек жергілікті университетке түсуге қажет шекті балды жинап жүрмін дейді. Бірақ, көздегені, әрине де – білім гранты.

Мәдина Сәдуақасова, А.Шәжімбаев атындағы Явленка №3 орта мектебінің оқушысы:

– Менің ағылшын тілі пәнінен мұғалімім өте мықты. Қазір қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Сондықтан, жоғары бал жинаймын деген үміттемін. Ал Қазақстан тарихы пәнінен қиналып жүрген жайым бар. Әлі де оқып, әзірлікті пысықтау қажет. Наурыз бен маусым айларында өтетін ҰБТ-ға да қатысамын. Бүгінгі емтихан – атмосфераны сезіну үшін жақсы мүмкіндік.

Мейрамхана мен мейманхана бизнесі және туризм. Бұл – Махаббат Тәңірбергенованың таңдауы. Алғашқысына грантқа түсуге мүмкіндік молынан дейді. Ол үшін ҰБТ-да ұпай санын 100-ден асыру қажет. Асығы алшысынан түсіп, қажетті бал жинаса, түлек Нұр-Сұлтан қаласындағы “Тұран” университетінің студенті атанбақ.

Махаббат Тәңірбергенова, А.Шәжімбаев атындағы Явленка №3 орта мектебінің оқушысы:

– Қобалжу бар. Пробный ҰБТ-ларда жинайтын ұпайым онша емес. Бірақ, дайындалып жүрмін. Консультацияларға барамын. Сабақтан кейін 1 сағат консультацияда, екі сағат өзім дайындаламын. Кітаптар оқимын, географиядан атлас жаттаймын. Әпкем – ағылшын тілінің мұғалімі. Бірге грамматика жаттап, тест тапсырамын.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы толқыны қаңтардың 25-інен бастау алды. Емтиханды облыс бойынша Петропавл қаласы мен Ғ.Мүсірепов ауданында тапсыруға болады. Келесі мүмкіндік түлектерге наурыз айында берілмек. Алайда, бұл сынақтарда жиналған ұпаймен қыз-жігіттер грантқа түсе алмайды. Құжаттарын тек ақылы түрде оқуға тапсырмақ. Ал, тегін білім алғысы келетін жастар бақтарын міндетті түрде 3-ші лекте, яғни маусым айында сынаулары тиіс. Оның өзінде оқушылар 11 жылдық білімдерін 2 рет тексеріп, жинаған ең жоғарғы ұпай сертификатын пайдалана алады. Тіптен жолдары болмаса, ақша төлеп оқимын дегендер тамыз айында тағы бір мүмкіндікке қол жеткізеді.

Марина Исмағамбетова, СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Өткен жылдан бері ҰБТ бұрынғыша кітапша және бланкпен емес, компьютер арқылы тапсырады. Әр монитордың үстіне бейнебақылау жүйесі орнатылған. Биыл сынақты өткізуге қатысты тағы бірнеше өзгеріс енгізілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Ал, шығармашылық емтихан, яғни тек екі пәннен тест тапсыратындарға 5 минут қосылып, жалпы уақыт 70 минутты құрады.

Айта кету қажет, қаңтар, наурыз бен тамыз айларындағы ҰБТ ақылы түрде жүргізіледі. 4 сағатқа жалғасатын сынақтың құны бүгінде 5 мың 640 теңгені құрайды. Жалпы, биыл өңірде 3360 оқушы мектептен түлеп ұшпақ. Олардың 53 пайызы емтиханның алғашқы толқынында бақ сынауға ниет білдіріпті. Балалар құқығының тапталмай, комиссия тарапынан құқықбұзушылыққа жол берілмеуін қоғам өкілдері қадағалауда. Бұл да үстіміздегі жылы енгізілген өзгеріс.

Алмат Исмағұлов, “Әділдік жолы” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

– Еліміздің басқа аймақтарында комиссия мүшелерінің кейбір түлектерге көмек көрсеткені анықталып жатыр. Бізде мұндай оқиғалар тіркелген жоқ. Бірақ, биыл сынақ тапсырушылардың арасында тәртіп бұзғандар бар. 4 адам қуылып, нәтижелері жойылды. Оның екеуі өздерімен бірге смартфон алып кірген.

Естеріңізге сала кетейік, түлектер ҰБТ-де 120 тапсырма орындайды. Пәндердің 3-уі міндетті болса, екеуі – таңдалып алынған. Максималды ұпай саны – 140.

Эльмира Садвокасова