Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қозыбаев университетін тәмамдаған студенттердің 85 пайызы жұмысқа орналасқан

Жергілікті оқу ордасы төртінші жыл қатарынан Білім және ғылым министрлігі мен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізетін білім беру бағдарламаларының рейтингісіне қатысып келеді. Тәуелсіз бағалау 19 критерий бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі мен орташа жалақысы, оқытушылар құрамының сапасы, аккредиттеу және білім беру бағдарламаларының өзектілігі сынды бағыттарды қамтиды.

Майра Валиева, Қозыбаев университеті академиялық қызмет департаментінің директоры:

– 2021 жылы біз республикалық жоғарғы оқу орындары арасында 7 білім бағдарламасы бойынша жүлделі орынға ие болдық. Яғни, агрономия, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, орыс тілі мен әдебиеті бойынша бірінші орын бұйырды. Сонымен қатар, дизайн, мәдени-тынығу жұмысы мен екі шет тілінен екінші атандық, ал құқықтану пәнінен жүлделі үштікке іліктік.

Айта кеткен жөн, солтүстікқазақстандық жұмыс берушілер 2017 жылдан бері Қозыбаев университетінің профессорларына оқыту бағдарламасын құруға ат салысып келеді. Мамандардың сөзінше, бұл жұмыстың нәтижесінде еңбек нарығындағы сұранысты толығымен жабуға болады.

Майра Валиева, Қозыбаев университеті академиялық қызмет департаментінің директоры:

– Білім беру процесіне оқу ордасында қызмет ететін және өндірісте жұмыс істейтін тәлімгерлер де қатысады. Сондай-ақ, олар қорытынды аттестаттау кезінде төраға ретінде ат салысады. Осылайша, жұмыс берушілер өздеріне қажетті қызметкерлер мен тар бейінді мамандарды даярлап әрі таңдап алады.

Жұмыс демекші, былтыр Қозыбаев университетін тәмамдаған студенттердің 85 пайызы өз мамандықтары бойынша қызметке орналасыпты. Көрсеткіш жалпыреспубликалық деңгейден 7 пайызға жоғары. Бақылау нәтижесіне сүйенсек, жас мамандардың қазір алып жүрген орташа жалақысы шамамен 120 мың теңгені құрайды.

Бердимурат Баймухан