Білім

Елдегі 36 университет педагог дайындау лицензиясынан айырылды

Биылдан бастап педагогикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындарының түлектері үшін міндетті тестілеу енгізілді. Жаңа ережеге сәйкес, қолында дипломы болса да дайындығы нашар үміткерлер мұғалім болып жұмысқа орналаса алмайды. Мұндай сыртқы емтиханды 2021 жылы шамамен 40 мың түлек тапсырған екен. Мектепте еңбек ету құқығын шекті балл жинағандары ғана иеленді.

Осындай талап қоюдың нәтижесінде университет жұмысының сапасы да айқындала түсуде. Қазіргі күні еліміздегі 36 жоғары оқу орны педагогтарды даярлау жөнінде лицензиясынан айырылған. Бұл жайында бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында өткен жылды қорытындылап жазған мақаласында мәлімдеді. Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» заң жайында баяндап, оқытушылардың жалақысына енгізілген өзгерістерді айтты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мектеп мұғалімдерінің, балабақша тәрбиешілері мен колледж оқытушыларының жалақысы 25%-ға өсті. Осы жылдың қаңтар айынан бастап тағы 25%-ға өскенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап педагогтардың жұмыс жүктемесі азайтылды. Бұл бір ставка үшін мұғалімдер енді аптасына 18 сағат емес, 16 сағат жұмыс істейтінін білдіреді.

Бердимурат Баймухан