Билік

2023 жылдан бастап өңір бюджеттерінің көлемі ұлғаяды

Өңір бюджетінің көлемі ұлғаяды. 2023 жылы осыған дейін мемлекетке төленіп келген салықтың бірнеше түрін жергілікті қазыналарға беру көзделіп отыр. Мұндай тапсырманы Ұлттық экономика министрлігіне Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген болатын. Ел Президенті қаңтардың 11-індегі жолдауында бюджетаралық қарым-қатынасты реформалап, облыстардың жеке дара дамуына көңіл бөлу қажеттігін қадап айтты.

Бейінді ведомство міндетті іске асыруға кірісуде. Осылайша, келесі жылдан бастап жануарлар әлемі мен ерекше бақылауға алынған республикалық маңыздағы табиғи аумақтарды қолдану үшін төленетін салық жергілікті қазыналарға бағытталады. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында автокөліктердің қозғалысынан түсетін пайда мен мемлекеттік баж да тікелей өңірлік бюджеттерге аударылмақ. Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, бұл тізім әлі де толығуы мүмкін.

Эльмира Садвокасова