Балалар

14 жастағы солтүстікқазақстандық оқ жарақатын алды

Ойда-жоқта жазым бола жаздады. Өңірде 14 жастағы бала оқ жарақатын алды. Оқыс оқиға өткен аптада Қызылжар ауданына қарасты Пресновка ауылының маңында тіркелді. Мұнда мектеп оқушысы 18 жастағы туысымен бірге аң аулауға шыққан екен. Кәмелетке енді толған бозбала теріс ұңғылы қаруды қолдану ережесін дұрыс білмеген көрінеді. Ол абайсызда мылтықтың шүріппесін басып қалған. Сол сәтте оқ жеткіншектің иығына тиген. Қазіргі таңда «Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Олег Завьялов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

– Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Науқасқа ота жасалды. Бүгінде барлық ем-дом шаралары жүргізілуде. Медициналық сараптамалар жеткіншектің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын көрсетті.

Эльмира Садвокасова