Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үшжақты меморандум жасалды

Ауылдың ажары азаматынан! Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендердің жай-күйіне, тұрғындардың тұрмысына бейжай қарамайтын жомарт жандар, диқандар баршылық. Өкінішке қарай, оларды саусақпен санауға болады. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда халықтан гөрі қалтаны ойлайтын кәсіпкерлердің қарасы қалың. Мұны аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та жиі тілге тиек етеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кейбір кәсіпкерлер жер алады, кәсіпорын құрады. Бірақ, кейін сол ауылдағы ағайынды мүлде ұмыт қалдырады. Яғни, өз пайдасын бірінші орынға қойып, тұрғындарға көңіл бөлуге құлшыныс танытпайды. Міне, осының салдарынан елді мекендердің жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады. Мұндай ауылдарды көргенде жүрегің қан жылайды.

Мұндайға жол беруге болмайды. Қаймағы бұзылмаған, қазаны қайнаған ауыл – асыл қазына, ұлттық салт-дәстүріміздің бет-бейнесі. Өндірістің де ордасы. Сондықтан, елді мекендердің іргесін сөкпеу – жалпыға ортақ міндет. Бұл ретте, әрине, алқапқа дән егіп, астық орған, жайлауда мал жайған кәсіпкерлерге артылған жүк ауыр. Мұны Аққайың ауданындағы “Полтавское” серіктестігінің басшылығы жақсы түсінеді. 25 мың гектар жерді игеріп, Полтавка селосының сәнін келтірген шаруашылық келешекте халықтың әл-ауқатын одан әрі арттырмақ. Жоспар әкімдік, агроқұрылым пен пайшылар арасында жасалған біржылдық меморандум аясында жүзеге асады.

Ерлан Зікірин, “Полтавское” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

Биыл “Полтавское” серіктестігі округтің әлеуметтік саласын дамытуға 500 млн теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Аталған соманың бір бөлігіне агроқұрылым жұмысшыларына үй салынады, Қазақстан Конституциясы мен Урожайная көшелерін қосатын жол жөнделеді, әкімшілік ғимаратты қайта қалыпқа келтіру ісі жалғасады. Болашақта бұл нысанда ауылдық әкімдік, ветеринарлық қосын, пошталық байланыс орталығы, ардагерлер кеңесі, учаскелік пункт орналаспақ. Яғни, округ тұрғындары қажетті қызметтің барлығын бір жерден алатын болады.

Тағы бір қуантарлық жайт – Полтавкада туу көрсеткіші жоғары. Осыны ескеріп серіктестік шағын орталық салып жатыр. Бүгінде қабырғасы көтерілген нысанның шатыры жабылуда. Жоспарға сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар ғимараттың таспасы биыл қиылады. Жарнашылармен өткен жиын барысында Құмар Ақсақалов халыққа жүгініп, меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұрады. Белсенді жандар табылды. Олардың бірнеше өтініші бар.

Елена Безвинная, Полтавка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

Ауылдағы Мәдениет үйінің жанынан заманауи спорт залы ашылды. Ол жерге балалар барып жүр. Біздің тілегіміз – сол залға спорт жөніндегі нұсқаушы керек. Тағы, біздің балақайлар бимен айналысқысы келеді. Бірақ, хореограф жоқ. Осы қос маман табылып, жұмысқа орналасса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тұрғынның тілегі жерде қалмайды. Серіктестік директорының орынбасары Ерлан Зікірин көтірілген мәселе меморандумға енгізілетіндігін, мамандар табылатынын мәлімдеді. Жиында Лидия Сальникова да сөз алды. Зейнеткердің заманауи балалар алаңқайы салынса деген өтініші бар.

Лидия Сальникова, Полтавка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

Бізде жап-жақсы алаңқай бар. Оған үнемі күтім жасалады. Бірақ, заманауи тағы бір алаңқай салынса дейміз. Сол жерде зейнеткерлерге арналған орындықтар қойылса, тіпті тамаша болар еді.

Ерлан Зікірин бұл мәселе де бақылауға алынатынын жеткізді. Ендігі мақсат – қабылданған меморандумдардың санын арттыру. Яғни, әкімдік, агроқұрылым және жарнашылар арасында жасалған келісімдердің қатарын ұлғайту. Ол үшін жалғыз Аққайың емес, өзге де аудандардың кәсіпкерлері белсенділік танытуы қажет. Дәл осындай тапсырманы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылы саласына жауапты орынбасары Марат Тасмағанбетовке жүктеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Ақпан айы ішінде дәл осындай жиын облыстың әрбір ауданында, әрбір агроқұрылым өкілінің қатысымен өтуі тиіс. Адамдар көптеп шақырылсын. Отырыста серіктестік басшылары атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барлығын баян етуі қажет. Тұрғындардың өтініш-тілегі ескерілсін. Міне, осылай меморандум жасалуы керек. Кейін, яғни белгілі бір уақыт өткесін тараптар тағы бір мәрте бас қосып, жоспардың қаншалықты орындалғанын талқылағаны жөн. Марат Иманбайұлы, осыны бақылауға алыңыз!

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

Біз аудан әкімдерінің және диқандардың қатысуымен селекторлық отырыс өткіздік. Жиында ақпан айында тұрғындармен кездесу ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Бүгінде кесте бекітілді. Әрбір ауданда халықпен жүздесу өтеді. Меморандумға келер болсақ, осы күндері құжат талқыланып жатыр. Көп ұзамай қабылданатын болады.

Өз сөзінде Құмар Ақсақалов жердің мемлекетке, ауыл тұрғындарына тиесілі екенін мәлімдеді және тұрғындарды осындай іс-шараларға белсенді қатысып, бұйымтайларын билік өкілдеріне жеткізуге шақырады. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға меморандумдардың қарапайым тілмен әрі нақты жазылуын тапсырды.

 

Байболат Култанов