Спорт

“Qulager” ХК өз айдынында жеңіліс тапты

Солтүстікқазақстандық ұжым турнирлік кестенің 6-шы сатысында тұр. Ал бүгінгі көкшетаулық қарсылас көштің басына мықтап жайғасқан. Матчты тамашалауға келген спортсүйер ағайынның қарасы қалың.

– Маусымдық ойындар қайта жанданды. Бұған дейін біздің құрама өскемендік және павлодарлық командаларды жеңді. Бүгінгі ойыннан да жеңіс күтеміз.

– Өзіміздің сүйікті командамызға жанкүйер болуға келдік. Бүгін хоккейшілеріміз өздерінің шеберліктерін айдында толық көрсетеді деген сенімдемін

– Құлагерлік жігіттермен сөйлестім. Олар бүгін тек жеңіс үшін айдынға шықпақ.

Командалар айдынға шығып, әнұран шырқалғаннан кейін кездесу басталып кетті.

Әзірге, құрамалар бір-бірін барлап жүр. Есеп ашып, алға шығуға ешкім асығар емес.
Ойынның 16-шы минутында көкшетаулықтар қақпадан саңылау тауып, есепте алға шықты.
1-ші периодта командалар 0 де 1 есебімен тарқасты.

Сергей Хальзев
, “Qulager” ХК бапкері:

1-ші периодта жақсы ойнадық. Шабуылда да белсенді болдық. Бірақ, қарсылас команданың ойыншысы айдыннан қуылғаннан кейінгі сан басымдығын жігіттер дұрыс қолдана алмады.

Ойын 2-ші периодта қыза түсті. Алдымен көкшетаулықтар есептерін еселеп алды. Кейіннен құлагерліктер сапынан Никита Белашов көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты. Ал ойынның 6-шы минутында қарсыластардың қақпасына қорғаушы Игорь Наместников шайба дарытты.

Матчтың соңына жете бергенде арландық шабуылшы Виталий Жиляков шайба салып, құрамасына жеңіс сыйлады. Есеп 2 де 3.

Алдияр Айтпаев