ТЖ

Петропавлда “Нұр” мешітінің аумағынан өрт шықты

Өрт сөндірушілер жанып жатқан нысанның ішінен 7 бірдей гал баллонын шығарған. От шарпыған аумақ 15 шаршы метрді құрайды. Қызыл жалынды мамандар 1 сағат көлемінде сөндірген.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің шығу себебі мен материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.

ТЖД мамандары өңірде өрт оқиғалары жиіледі дейді. Өткен аптаның өзінде 14 жағдай тіркелген. 1 кісі жарақат алған.
Отттың тұтануына көп жағдайда адамның салғырттығы себеп болып отыр. Жылыту маусымынан бері қарай санайтын болсақ, 200-ге жуық өрт оқиғасы тіркеліпті. 12 адам көз жұмған. 4 адам түрлі дене жарақатын алып, 20 теріскейлік иіс тиіп уланған.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

Иіс тиіп улануға әкеп соқтырған оқиғаларда көбінесе пештің бойында ақау болған. Көбіне адамдардың газбен улану жағдайлары түнгі уақытта орын алады. Бұның алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтап жүру керек. Пешті жиі тексертіп отыру қажет.

Брифингте өңір жолдарындағы қауіпсідік жайлы да айтылды. Қыс басталғалы облыста 54 дауылды ескерту жарияланған екен. Трассаларда көлік қозғалысына 12 рет шектеу енгізіліпті. Соның өзінде келген ескерту СМС-хабарламасына мән бермей жолға шығатындар аз емес.

Мұрат Қанғожинов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Қыс басталғалы өңірде 14 көлік қар құрсауында қалып, одан 50-ге жуық адам құтқарылды. Оның ішінде балалар да бар. Қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпаңыздар деп қанша рет айтылса да адамдар бұрынғысынша бастарын қатерге тігеді.

Қаңтардың 31-і күні құтқарушылар бір кеш бойы Тимирязев ауданының тұрғынын іздестірген. Ақтүтек боранда Ақсуат ауылынан шыққан 50 жастағы ер адам адасып кеткен. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ауыл тұрғынын түнгі 1-лер шамасында 8 км жерден тауып алған. Ер адам дін аман.

Дана Ешкенова