Денсаулық сақтау

Дәрігерлер дабыл қағуда

Елімізде жаппай иммундау шарасы басталғалы тура 1 жыл уақыт өтті. Осы аралықта орта буын өкілдерінен бөлек жасөспірімдер мен егде жастағы адамдар да вакцина алып үлгерген. Солардың бірі – Бейбіт Әбілев. Зейнеткер коронавирусқа қарсы екпені алғашқылардың бірі болып қабылдапты. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары көктемнің басында зайыбымен бірге емханаға арнайы барып, ресейлік “Спутник-V” препаратын салдырған екен. Ал жарты жылдан кейін Бейбіт Айтанұлы ревакцинациядан өтті.

Бейбіт Әбілев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Жарты жыл өткеннен кейін ревакцинацияға қатыстым. 3-ші құрам ретінде отандық «QazVac» препаратын таңдадым. 3 рет екпе алсам да денсаулығымда ешқандай керіс әсер болған жоқ. Бүкіл әлемде айтып жатыр ғой, індеттен құтылу үшін иммундау шарасына қатысу керек. Сонда ғана өзімізді және жақындарымызды қорғай аламыз.

Бүгінде 270 мың солтүстікқазақстандық иммундау шарасының толық курсынан өткен. Бұл коронавирусқа қарсы екпе алуға рұқсат берілген тұрғындардың 75 пайызын құрайды. Ал ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін көрсеткіш 90 пайыздан асуы керек дейді мамандар. Бұл ретте ендеше белсенділік қажет. Коронавируспен ауырған жағдайда салдары екпе алмаған адам үшін ауыр соғуы мүмкін. Стационарларға түскендердің басым бөлігі – вакциналанбағандар.

Ғалия Сыздықова, 1-ші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі:

Бүгінде біздің стационарда 70-тен астам науқас ем қабылдап жатыр. Оның 12-сі оттегі концентраторына қосылған. Ал 4 адамның жағдайы аса ауыр күйде. Науқастардың бәрінде дерлік вакцина алғандығы жөнінде құжаты жоқ. Ал иммундалмаған адамдар тәж вирусын өте ауыр формада өткереді.

Соңғы екі аптада облыста коронавирус жұқтыру фактілері біршама артқан. Дәрігерлер мұны омикрон-штамымен байланыстырып отыр. Бұл штамм өзгелерге қарағанда әлдеқайда тез тарайды. Омикронға шалдыққан адам оны бірден 12 жанға жұқтыруы мүмкін.

Дана Ешкенова