Спорт

Өңірде “Солтүстік-2022” қысқы облыстық ойындары өтіп жатыр

Бүгін Петропавлда конькимен жүгіруден сайыс өтіп жатыр. Қазір “Қарасай” стадионындағы мұз айдынында бұрымдылар мың метрге жүгіріп жарысуда. Ажар Тайбасарова Уәлиханов ауданының намысын қорғауда. Бойжеткен мамлют ауданының спортшысымен иық тірестіріп, мәре сызығын одан 30 секундқа бұрын кесті. Нәзікжандының бұл спорт түріне бет бұрғанына 3 жыл болған екен.

Ажар Тайбасарова, жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Мектепте оқып жүрген кезде баскетбол, шаңғы, футболға қатыстым. Кейіннен конькиге ауыстым. Жаңа 4 айналымға жүгірдім. Ал бірінші 500 метр жүгірісте 2 айналымға жүгірген едім. Ол қашықтықты 1 минут 06 секундта бағындырдым.

Облыс орталығында конькимен жүгіруден өтіп жатқан жарысқа 13 ауданнан келген 80-ге тарта спортшы қатысуда. Дәлірек айтсақ, 38 нәзікжанды мен 40 ер азамат.

Мария Громова, жарыстың бас хатшысы:

– Бүгін жарыс қашықтығы ретінде 500 және мың метр белгіленді. Ертең 2 мың метрге жүгіруден командалық сайыс өтеді. Жарысқа 18 жасқа толған спортшылар қатысуда. Әзірге, қатысушылар арасынан бөліп-жарып айтатындай фаворит жоқ.

Жалпы, “Солтүстік-2022” қысқы ойындары қаңтардың 26-сынан бері өтіп жатыр. Жыл сайынғы дәстүрлі спорттық шара ақпанның соңына дейін жалғасады. Ақтық кезең Мағжан Жұмабаев ауданында өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев