Мәдениет

Бейнелеу өнері музейінде жаңа көрме ашылды

“Шабыттың қайнар көзі”! Бүгін облыстық бейнелеу өнері музейінде кезекті көрменің ашылу салтанаты өтті. Іс-шарада Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі студенттерінің картиналары таныстырылды. Барлығы – 30 туынды. Солтүстікқазақстандық жас суретшілердің бірі натюрморт салса, енді бірі қаламыздың көрікті жерлерін бейнелеген. Сондай-ақ, пейзаж жанрындағы туындыларды да байқауға болады. Жалпы, көрмеге 10 жастың еңбегі қойылған.

Дарья Першина, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенті:

Бұл көрмеге менің 5 академиялық картинам қойылды. Оларды салу үшін көп уақыт кетті. Кейбіреуін бірнеше мәрте өзгерттім. Алдағы уақытта да көптің көңілінен шығарлықтай картиналар салуды жалғастыра беремін.

Мадина Әлібекова, облыстық бейнелеу өнері мұражайының экскурсия жүргізушісі:

Бұл көрме облысымыздағы өнерлі балалардың өнердегі жұмыстарын, шығармашылық ізденістерін көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Суреттер мұражай қабырғасында 1 ай көлемінде тұрады. Осы уақыт аралығында мекемемізге келіп, жас суретшілердің туындыларына баға бере аласыздар.Колледж студенттерінің жұмысы жарты жылда немесе 1 жылда бір рет мұражайға қойылады.

Эльмира Садвокасова