Балалар

Еріктілер жалғызілікті қарияға көмек көрсетті

 

Мына еңкіш тартқан ескі үйде Мәриям Жаркенбаева жалғыз тұрады. Жұбайы жарты жыл бұрын марқұм болған. Балалары елордада қызмет етеді. Жуырда 73 жастағы зейнеткердің жүрегіне ота жасалыпты. Операциядан кейін қарияның бойында әлсіздік пайда болып, ауыр жұмысқа қауқарсыз болып қалды. Сол себепті, Мәриям Жаркенбаева волонтерлердің көмегіне жүгінуді жөн көріпті.

Мәриям Жаркенбаева, қала тұрғыны:

– Волонтерлердің көмегіне алғаш рет жүгініп отырмын. Жастар бір ауыз сөзімді жерге қалдырмай бірден келіп, қарды тазалауға кірісіп кетті. Алғысым шексіз. Жалпы, еріктілердің көмегі жайлы көршім айтқан болатын. Жолдасым қайтыс болғалы үйдің шаруасымен айналысу мен үшін қиындау. Оған қоса денсаулығым да сыр берді.

Іске білек сыбана кірісіп кеткен жастар зейнеткердің жүріп-тұруына оңай болуы үшін үй маңын қардан тазартуда.

Жалғызбасты қарияға көмек қолын созуға 10-ға жуық волонтер келген. Жастардың жасаған жұмысы мақтарлықтай. Олар бар шаруаны 40 минуттың ішінде тәмамдаған. Қатарға жаңадан қосылғандары да бар. Жергілікті университеттің 2-ші курс студенті Райымбек Ғайсин волонтерлік іспен алғаш рет айналысуда. 23 жастағы жігіт мұндай игі істерге енді жиі қатысып тұрмақ. Ол қариялар үнемі қамқорлықта болу керек дейді.

Райымбек Ғайсин, волонтер:

Волонтерлік іспен бұрынан айналысқым келіп жүрген. Бірақ, оқудан қолым босамайтын. Бүгін міне бос уақытым пайда болып, қатарластарыммен бірге қарияның ауласындағы қарын тазартып бердік. Біздің көмегіміз қарт адамдар үшін аса маңызды деп ойлаймын.

Жазда отын жарады, орманды қоқыстан тазалайды, қыста қарттарға жәрдемдесіп, үй ауласын қардан тазартады. Бір сөзбен айтқанда, қолдары қалт ете қалса, мұқтаж жандарға көмек қолын созудан аянбайтын жастар аққайыңдар өлкесінде жетерлік.

Даяна Баймұқанова, “JE SKO штабы” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Сондай-ақ, еріктілер жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Бүгінде өңірімізде мың жарым белсенді жас бар. Қазіргі таңда волонтерлер көбіне жалғызбасты қарияларға көмек көрсетуде.

Жыл басталғалы петропавлдық волонтерлер 40-қа жуық адамға көмек көрсеткен.

Дана Ешкенова