Білім

Жыл сайын СҚКП колледжін 300-ге жуық студент тәмамдайды

 

Бүгінде Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде техникалық бағыттағы бірнеше мамандық түрлері оқытылады. Яғни, автотранспорт пен электроэнергетика салалары бойынша. Жастар жасыл экономика, яғни табиғат игілігін пайдаланудың да қыр-сырын меңгереді. Қазір оқытушы оларға күн панельдерінің жұмысын үйретіп жатыр.

Евгений Барвинко, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Бұл кабинетте электрмен жабдықтау және электромеханикалық қондырғыларды жөндеу туралы дәріс оқылады. Студенттер арнайы стендтер арқылы тоқпен және физика заңдарымен байланысты дүниелердің барлығын қолмен ұстап көре алады. Сонымен қатар, күн панельдері мен желден қуат алатын қондырғылардың қызметімен терең танысады.

Заман талабына сай білім алу үшін әрине соңғы үлгідегі оқыту құралдарының болғаны маңызды. Осыдан екі жыл бұрын колледжге «Жас маман» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 250 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Аталған сомаға білім ордасындағы компьютерлер жаңартылып, су жаңа көліктер мен басқа да қондырғылар сатып алынған.

Серік Құлатаев, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Бұл – Volkswagen көлігінің қозғалтқышы. Оған жалғанған арнайы тетіктер арқылы қондырғыда болуы мүмкін 30-дан аса ақау түрлерін имитациялаймыз. Ал студенттер сол қателікті анықтап, оны қалыпқа келтіру жолын табулары қажет.

Ал мына залдағы жігіттерді нағыз шеберлер десек артық болмайды. Олар кез келген шетелдік автокөліктің қозғалтқышын оп-оңай шашып, қайта жинап бере алады. Темір тұлпардың тілін жетік меңгерген жастар колледжде алған білімнің жемісін күнделікті өмірде де көріп жүрміз дейді.

Вадим Семизоров, студент:

– Жақында досыммен Көкшетауға бара жатқан едік, трассада көлігі сынып қалды. Қарасам, радиаторы істен шыққан екен. Дала қатты аяз болды. Мен дереу жаңа радиатор сатып алып, тұрған жерінде оны ауыстырып бердім. Негізі, колледжге сатып алынған жаңа көліктердің көмегімен көп тәжірибе жинадым.

Болашақ мамандарға деген сұраныс жоғары. Жергілікті кәсіпорын басшылары тәжірибелі жастарды оқуларын тәмамдай сала жұмысқа алуға әзірміз дейді. Айта кеткен жөн, қазірдің өзінде колледж студенттерінің көбісі қаладағы автосалондар мен техникалық байқау станцияларында тәжірибеден өтіп жүр.

Бердимурат Баймухан