Мәдениет

“Шабыт” көрмесі шақырады

Мына залдағы жиырма бір картина тілсіз сөйлеп тұрғандай. Әрқайсысы таңдай қақтырып, адамға ой салады. Авторлары – Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының өкілдері. Бүгінде бұл ұйымға он үш жерлесіміз мүшелік етеді. Көрмеге соның алтауының таңдамалы туындылары қойылыпты.

Мадина Әлібекова, облыстық бейнелеу өнері музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Көрме өткен жылдың 14-ші желтоқсанында ашылды. Көрермендерді шақырамыз. Бұл жерде картиналармен, суретшілермен танысуға болады. Көрменің басты мақсаты – суретшілермен, олардың шығармашылығымен таныстыру және өзекті мәселелерді ашу.

“Өзекті мәселе қандай?” деп сұрадық. Экскурсия жүргізушісі бірқатарын жіпке тізді. Ол: қоршаған ортаға деген махаббат, локдаун, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ тұрмысына шолу. Алғашқысы жайлы бірнеше туынды бар. Олардың басым көпшілігі табиғат аясында салыныпты. Ал екіншісіне қатысты мына картина ұсынылған. Сүйкімді қыз терезеге телміріп, далаға сағынышпен қарап отыр. Оның сол жағында бала Абай бейнеленген.

Кейбір картиналарда қаламыздағы ғимараттар да айна-қатесіз бейнеленген. Кейбірінде өзге өңірлердің табиғаты да салынған.

Мадина Әлібекова, облыстық бейнелеу өнері музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Негізінен, бұл жердегі суреттер майлы бояумен салынған. Әр түрлі көлемде. Көбінесе табиғаттың көріністері, тұрмыстық картиналар, мифологиялық туындылар да бар.

Облыстық бейнелеу өнері музейінде қанат жайған “Шабыт” көрмесімен келушілер ақпанның 28-ші жұлдызына дейін таныса алмақ.

Байболат Култанов