Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі дала жұмыстарына несие беріледі

Ұлан Мейірмановтың Аққайың ауданында өз шаруа қожалығы бар. Кәсіпкер жыл сайын 300 гектар жерге дән сіңіріп, күзде қамбаға астық жинайды. Отбасылық бизнесті өрге домалату үшін азамат жылда мемлекет көмегіне жүгінеді екен. 2019 жылы «Сан-Ар» шаруа қожалығының жетекшісі «Агро-техника» бағдарламасы аясында 4 пайызбен МТЗ-892 тракторын алған. Биыл да «Кең дала» жобасы арқылы төмен пайызбен несие алуды жоспарлап отыр. Арнайы қолдаудан түскен ақшаны көктемгі дала жұмыстарына жұмсамақ.

Ұлан Мейірманов, «Сан-Ар» ШҚ басшысы, Аққайың ауданы:

– Бұрындары банктерден кредит алған кезде қаладан пәтер сияқты қымбат кепілдіктер сұрайтын. Ал мында біз өзіміздің ауыл шаруашылығы техникамызды кепілдікке қойып, төмендетілген пайызбен несие алу арқылы кәсібімізді ірге домалатудамыз.1-59 Ақпан айында былтырғы кредитімді жапқаннан кейін тағы 3 млн несие алмақшымын. Ол ақшаға жанар-жағармай мен элиталы тұқым аламын ба деген жоспар бар.

Мемлекет ұсынған көмекті Сергей Руденко да ұтымды пайдалануда. «Кристал 3» шаруа қожалығы 99-шы жылдан бастап жұмыс істеп келеді екен. Жыл сайын «Кең дала», «Агро-техника» сынды бағдарламалар арқылы отбасылық кәсіптің автопаркі жаңарып, қожалық даму үстінде.

Сергей Руденко, «Кристал 3» ШҚ басшысының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Артымда тұрған мына кировецті біз «Агро-техника» бағдарламасы арқылы өткен жылдың тамыз айында алдық. Қазір несиенің 50%-ына жуығын жаптық. Жыл сайын көктемгі дала жұмыстарына мемлекеттен төмендетілген пайызбен несие аламыз. Биыл «Кең дала» бағдарламасы арқылы 8 млн теңге несие рәсімдеп, оны тыңайтқыш, гербицид пен тұқым алуға жұмсамақшымыз. Алдағы уақытта ескірген техниканы жаңарту да ойда бар.

Мемлекеттен қолдау алу үшін аққайындық шаруа қожалық иелері «Аққайың» кредиттік серіктестігіне жүгінеді екен. Бүгінге дейін аталған кәсіпорынның қызметін 70-ке жуық іскер азамат пайдаланған.

Вадим Лосинский, «Аққайың» кредиттік серіктестігі” ЖШС басқарма төрағасы:

– Жыл сайын «Кең дала» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Жоба аясында берілетін займның жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайды. Несие алған азаматтар қарызды 12 ай ішінде жабуы тиіс. Бір кісіге берілетін займ көлемі 1 млн-нан 5 млрд теңгеге дейін. Өткен жылы «Аққайың» кредиттік серіктестігі жиынтық көлемі 1 млрд 650 млн теңге болатын 50 жобаны қаржыландырды.

Жыл басынан «Аққайың» кредиттік серіктестігі 1 млрд 100 млн теңгенің 22 өтінімін қарастырып, мақұлдаған.

Алдияр Айтпаев