Ауа райы

Ақпан айында ауа райы қандай болмақ?

Дана Сәлімқызы, тілші:

– Ақпан – қыстың ең суық әрі ақтүтек боранды айы. Бұған көп жылдық статистика дәлел. Дегенмен артта қалған соңғы екі жылда бұл ай солтүстікқазақстандықтар үшін жайлы болды. Биыл да әйтеуір әлекке салып тұрған жоқ. Қазір далада айтарлықтай суық емес. Сынап бағанасы небәрі -6 градусты көрсетіп тұр.

Қазгидромет мамандарының айтуынша өңірімізде мұндай температура ақпанның ортасына дейін сақталмақ. Яғни, қыстың соңғы айының 1-ші мен 2-ші онкүндігі теріскейліктер үшін жаймашуақ күндермен есте қалмақ. Ал 15-інен кейін қыс қытымыр мінез танытпақ. Ауа температурасы түнде минус 22-27 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Гүлзат Ғазизова,”Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

-Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 20-25 градус аязға, күндіз 13-18 градус аязға дейін төмендемек. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде -15-20 градус аязға, күндіз -3-8 аязға дейін жоғарылауы күтіледі.

Ақпандағы жауын-шашынның айлық мөлшері норма шамасында болмақ.

Гүлзат Ғазизова,”Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Жауын-шашын көбінесе қар, бұрқасын, жел 15-20 м/с-пен жиі айдың бірінші жартысында күтіледі. Тұман үшінші онкүндіктің басында, көктайғақ бірінші және екінші онкүндіктердің ортасында болуы мүмкін”.

Сөз соңында, тарихқа көз жүгіртсек. Өңірде ең аязды ақпан 1951 жылы тіркеліпті. Сол кезде сынап бағанасы -42 градусқа дейін түсіп кеткен екен. Ал 2016 жылғы ақпанда ауа температурасы +7 градусқа дейін көтерілген.

Дана Ешкенова