Салық басқармасы

Салық заңнамасындағы өзгерістер

2022 жылдың қаңтарынан бастап жеңілдетілген қосымша құн салығын төлеу тәртібі өзгертілді. Салалық заңның 427-ші және 428-ші баптарына енгізілген жаңашылдықтар қолданыста 2025 жылға дейін болмақ. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары хабарлады. Аталған құжат 2021 жылдың қараша айында Парламент депутаттарының талқылауында болған еді. Сол кезде жеңілдетілген ҚҚС (қосымша құн салығын) есептеу әдісімен төлеу тізімінде 260-тан астам тауар атауы жазылған.

Олардың кейбірін өндіру көрсеткіші елімізде төмен не мүлдем болмағандықтан халық қалаулылары жеңілдетілген салық түрін кейбір позицияларға қалдыруды ұйғарған. Ал Қазақстанға шетелден әкелінетін пестицидтер, асыл тұқымды мал және жасанды ұрықтандыруға қажетті қондырғылар сынды аталым түрлері тізімнен алынып тасталды. Мұндай шешіммен «Атамекен» палатасындағылар келіспеген болатын. Соған қарамастан, заң жобасы ұзақ талқылаудан кейін қабылданды.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:
– Жыл сайын Қазақстан 30 мың тонна пестицид импорттайды. Елде асыл тұқымды мал басын арттыру үшін шетелден төрт түлік жеткізіледі. Тек балапанның ғана жылына 10 млн данасы әкелінеді.

Магжан Ахмадина