Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да алқаптарда қар тоқтату жұмыстары жүргізіліп жатыр

“Нұр-Сұлтан-Петропавл” бағытындағы 470-ші шақырым учаскесі. Бұл аумақ облыстағы қар басу қаупі жоғары жолдардың біріне жатады. Сондықтан, мұнда жыл сайын қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Биыл дәстүрлі шаруа күні кеше бастау алыпты.

Жұмыс процесіне тоқталайық. Бірінші, жол жиегінде орналасқан алқаптағы қарды ауыр техника тіліп өтеді. Кейін жұмысшылар сол жерлерге мынадай ағаш қалқандарды бір-біріне бекіту арқылы мықтап орнатады. Нәтижесінде боран соққан кезде ақ ұлпа осы жерден тоқтап, көлік қозғалысына кедергі келтірмейді.

Александр Сидоров, «Қазавтодор» ЖШС шебері:

– Бұл учаскеде 2-ші күн жұмыс істеп жатырмыз. 10 адам мен 3 техника жұмылдырылған. Таңертең жолды қардан тазарттық, қазір қар тоқтату жұмыстарын жүргізудеміз. Яғни, біз қос шаруаны қатар атқарамыз. Қажет болған жағдайда трассаға құм да шашамыз.

Атқарылып жатқан шаруаның екі бірдей пайдасы бар. Біріншіден, жолда қар болмайды. Екіншіден, ақ ұлпа алқапта қалады. Яғни, танап көктемгі уақытта тіршілік нәрін өзіне сіңіреді. Бұл алдағы күзде сапалы әрі көл-көсір астық жинауға мүмкіндік береді. Жалпы, осы күндері мұндай жұмыс облыстың 283 шақырым жолында жүргізіліп жатыр екен.

Рустам Ахметов, «ҚазАвтоЖол» ҰК” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Қар алу қаупі бар жолдарда 12 мың 300 текше метр қарлы қабырға жасалды. Яғни, трасса бойларында арнайы техниканың көмегімен ақ ұлпа тоқтатылды. Сондай-ақ, 5 мың метр ағаш, 2 мың метрге жуық бетон қалқандар орнатылды. Соңғы аталған қалқандар жол реконструкциясы барысында қойылды. Жалпы, бұл жұмыстарға 200-ден астам жұмысшы мен 100-ден астам техника жұмылдырылған.

Қазіргі таңда көктайғаққа қарсы шаралар да қолға алынған. Жолдарға құм-тұз қоспасы себіліп жатыр.

Алдияр Айтпаев