Спорт

“Bars” БК ұжымы шеберлік сағатын өткізді

Өткен жылы “Bars” баскетбол клубы өңір тарихында алғаш рет ел біріншілігінде топ жарып, спортсүйер солтүстікқазақстандықтардың төбесін көкке жеткізді. Жергілікті ұжым биыл да сәтті өнер көрсетуде. 3 кезеңнің қорытындысы бойынша команда 2-ші орында тұр. Бүгінгі күні жігіттер – Петропавлда. Олар кезекті турға дайындалып жатыр.

Бүгін команданың кезекті жаттығуын тамашалауға қала және аудан мектептерінің мамандары келіп отыр. Оларға ресейлік Николай Куркин бар білгенімен бөлісуде. Білікті бапкер клуб мүшелерін өткен жылдың сәуір айынан бері жаттықтырып жүр.

Николай Куркин, “Bars” БК бас бапкері:
– Бүгін клубтың басшылығымен және ойыншыларымен бірге шеберлік сағатын өткізудеміз. Шара соңында мамандарға бағыт-бағдар беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өзім қала және облыс бапкерлерімен әріптестік қарым-қатынас орнатқаныма қуаныштымын.


Шеберлік сағаты барысында аудан және қала мектептерінің бапкерлеріне шабуыл және қорғаныс кезіндегі комбинациялар, түрлі айла-тәсілдер таныстырылды. Тиімді дене қыздыру жаттығулары да көрсетілуде.

– Бәрі жақсы өтуде. Мұндай мастер-класс 1-ші рет өтіп тұр. Ауданнан келген бапкерміз.

– Түрлі элементтерді көрсетіп жатыр. Мұны тамашалудың өзі бір ғанибет. Мұндай танымдық іс-шаралар жиі өткізіле берсін.

– Шеберлік сағатын білікті маман өткізуде. Көп нәрсе үйренуге болады. Осындай іс-шаралар нәтижесінде өңірімізде баскетбол дами түседі деген ойдамын.

“Bars” баскетбол клубы ақпанның 13-і мен 17-сі аралығында ел біріншілігінің 4-ші турында бақ сынайды. Жарыс Щучинск қаласында өтеді.

Алдияр Айтпаев