ТЖ

Жыл басталғалы өңірде 32 өрт оқиғасы тіркелді

Жұмысшы кентінің түпікіріндегі 2629 шақырым деп аталатын көше бойындағы 4-ші үйдің тұрғындары сенбі күні таңғы төрттерде ұйқыларынан шырт оянған. Олардың баспаналары отқа оранды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Үй иесі 10 жасар қызы мен жүкті келіншегін сыртқа шығарып үлгеріпті.

Ренат Айтпишев – қалалық №4 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Оқиға орнына келгенде, баспананың кіреберіс бөлігінде от лапылдап жанып жатты. Үй қожайындары баспанада газ баллоны бар екендігін айтты. Біз тездетіп оны сыртқа шығаруға тырыстық. Қызыл жалынның қора-қопсыға өтіп кетпеуін де ойластырдық. Жалпы, жалынның шығуына – пешті дұрыс пайдаланбау себеп.

Қызыл жалын 60 шаршы метр аумақты шарпыған. Оны сөндіруге 15 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды.

Мағжан Ахмадина, тілші:

– Баспананың қазіргі жағдайы міне, осындай. Есік, терезелері сынып, күл-талқаны шыққан. Ал үйдің маңында шашылып жатқан жиһаз бен ойыншықтарды көруге болады.

Үй иелері уақытша туысқандарын паналауда. Қазір қолдарында құжаттары да жоқ. Ол туралы Кругловтар отбасы әлеуметтік желідегі жазбасында айтқан. Жанұяға көмек қолын созамын деушілер экранда көрсетілген нөмірге хабарласуларына болады.

Магжан Ахмадина